Жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа моделі әзірленіп жатыр

Жоғары оқу орындарын басқарудың жаңа моделі әзірленіп жатыр. Бұл туралы мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

Жоғары оқу орындарындағы сапалы корпоративтік басқару мәселесі оларға берілген академиялық және басқарушылық дербестікті толыққанды жүзеге асыру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі сапалы білімді қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Осыған орай, биыл 14 ақпанда өткен ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрліктерінің алқа мәжілісінде аталған мәселе «Барлығына қолжетімді, сапалы білім» ұлттық баяндамасын талқылау аясында тәуелсіз сарапшылық қоғамдастықтың қатысуымен қаралды. Қазіргі уақытта ғылым және жоғары білім министрлігінің жанында ЖОО-ларды басқарудың жаңа моделін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді, — деді вице-премьер.

Оның айтуынша, жұмыс тобының құрамында корпоративтік сектордың, Тәуелсіз директорлар қауымдастығының, «Атамекен» ҰКП-ның, ғылым және жоғары білім мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, ЖОО-лардың өкілдері бар.

Жұмыс тобы жоғары оқу орындары директорлар кеңесінің тәуелсіздігі мен жұмыс тиімділігіне жан-жақты сараптама жүргізетін болады. Сонымен қатар омбудсмен институтының, студенттер мен оқытушылардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің, жемқорлыққа қарсы комлайенс-қызметтің және басқаларының қызмері қарастырылды. Барлық ЖОО-ларда корпоративтік басқару кодексін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді, — деді Тамара Дүйсенова.