Мұғалімдер мен ЖОО оқушыларына арналған байқау басталды

TikTok платформасы оқу-ағарту министрлігі және ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен #Қазақстанмұғалімдері байқауын қайта бастайды. TikTok былтыр сәтті басталған жоба аясын кеңейтіп, енді байқауға мектеп мұғалімдерімен қатар, колледж бен жоғары білім беретін мекемелердің де оқытушылары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін олар платформада сабақ беретін пәні туралы креатив және танымдық бейнероликтер жариялауы қажет.

Былтыр #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана хештегтері бойынша жасалған бейнероликтер 500 миллионнан астам рет қаралды.

Биыл жобаға ресми амбассадорлар ретінде қазірдің өзінде TikTok-та танымал болған химик Ұлан Үсенов, математик Данияр Сеңгірбай, былтырғы байқаудың жеңімпазы Бекболат Комолов және мұғалімдер командасының өкілі Нариман Қарабалин тартылды. Әр амбассадор қарашаның 3-нен 11-і аралығында TikTok қолданушыларына сапалы танымдық контентті қалай түсіруге болатынын оқытатын тікелей эфир өткізеді.

Байқауға қатысуға мұғалімдер, колледж бен ЖОО оқытушылары қатыса алады. Ол үшін 2023 жылғы 1 қарашасы мен 17 желтоқсан аралығында қысқа танымдық бейнероликтерді платформада жариялауы керек. Роликтің ұзақтығы 30 секундтан кем емес болғаны маңызды, оны жариялағанда байқаудың мынадай хештегтері қолданылады: #қазақстанмұғалімдері немесе #учителяказахстана.

Қазылар алқасы құрамында TikTok платформасы, оқу-ағарту министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері болады. Олар қатысушыларды төрт номинация бойынша бағалайды:

  1. «TikTok мұғалімі — 2023»

Номинация мектептер мен колледждердің педагогтарына арналған. Бұл атаулы сыйлық күрделі ғылыми идеяны, мәліметті немесе тұжырымдаманы қарапайым тілде баяндаған ең креатив бейнеролик авторына беріледі.

2. «TikTok оқытушысы — 2023»

Номинация жоғары білім беретін мекемелердің оқытушыларына арналған. Күрделі ғылыми идеяны, мәліметті немесе тұжырымдаманы қарапайым тілде баяндаған ең креатив бейнеролик авторына беріледі.

3. «TikTok-тағы жаңалық»

Бұл аталым бойынша байқау аясында кімнің бейнеролигі жалпы есептегенде барынша көп қаралса, сол оқытушы жеңімпаз болады. Мектеп мұғалімдерімен қатар, колледждер мен ЖОО оқытушылары да қатыса алады.

4. «Үздік бейнеролик»

Байқау аясында бейнеролигі ең көп қаралған оқытушы жеңімпаз болады.

Жеңімпаздарға iPhone 15 Pro смартфоны сыйға тартылады.