Көктемгі науқан басталды. Әскерге қанша адам шақырылады?

Бүгін азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Бұл туралы полковник Азамат Досымов мәлімдеді.

Президент жарлығына сәйкес, 1 наурызда қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.
ҚР қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Азамат Досымовтың айтуынша, көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру 30 маусымға дейін жалғасады.

Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіз жоқ, оны 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам ер азамат толықтырады. Оның ішінде, қарулы күштерге тоғыз мыңнан астам, ұлттық ұланға алты мыңнан астам, Шекара қызметіне үш мыңға жуық, төтенше жағдайлар министрлігіне 300-ден астам, мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам қабылданады, — деді Азамат Досымов бүгінгі брифингте.

Әскерге шақырылатын азаматтарға дербес шақырту қағазы немесе 1414 қызметі арқылы SMS-хабарламалары жіберіледі.