Қазақстаннан Қытайға бір айда 1 миллион тонна жүк жеткізілді

Биыл бір айдың ішінде Қазақстаннан Қытайға 1 миллион тонна жүк жеткізілді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы хабарлады.

2024 жылғы қаңтар айында теміржол желісі бойынша жүк тасымалдау көлемі 2023 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ке өсіп, жалпы көлемі 2,4 миллион тонна болды.

Ал Қытайға жүк экспорты өткен жылғы көрсеткіштен 43%-ке асып кетті. Ол жаққа бір айдың ішінде 1 миллион тонна жүктер жеткізілді.

Соның ішінде темір рудасының экспорты 19%-ке, астық 37%-ке, қара металдар — екі есе, ал түсті металдар — 2,2 есе өсті. Сонымен қатар контейнерлерде экспортқа жүктерді тасымалдау 2,2 есеге артты.