Кейде балаға «теледидарды өшір, оның орнына кітап, сабақ оқы» деп ұрысқанша, оның сүйікті ісін пайдалы етуге болады. Мәселен, Balapan телеарнасында балаларға арналған түрлі фильм, сериал, мультфильм мен бағдарлама көрсетіледі. Baribar.kz бүгінгі материалында балалардың креативін дамытуға көмектесетін арнаның бес бағдарламасын ұсынады.
Жұмбақ жәшік
Бұл бағдарламаның балалар арасында кеңінен танылғаны соншалық, қазір оның екінші маусымы түсіріліп жатыр. «Жұмбақ жәшік» бағдарламасының ұзақтығы — 10 минут. Оған 8-12 жастағы балалар қатысады. Жүргізуші арнайы қорап дайындап қояды. Ойынға қатысып жатқан балалар қорапқа қолын салып, оның ішінде не бар екенін табуы керек. Мұнымен ойын бітпейді. Кейін қатысушылар түрлі тапсырма орындауы керек: қағаздан түрлі ойыншық жасайды, әртүрлі бөлікті жинайды, қағазға сөздерді сол қолмен жазады және тағы басқа қызығы көп. Мұның бәрін олар қарамай жасайды. Бағдарлама авторларының айтуынша, бұл ойын балалардың саусақ моторикасын, ой-өрісін жақсы дамытады. Оған қоса балақайлар жылдам, тапқыр болуды үйренеді.
Бүгінге дейін бағдарламаның 1-маусымында 20 бөлім, 2-маусымында 12 бөлім жарық көрді.
Ғылымға саяхат
«Ғылымға саяхат» бағдарламасында Ғылымпаз бен кішкентай Нұрасыл еліміздегі балаларға физика, химия заңдылықтарын қарапайым әдіспен түсіндіріп береді. Бағдарламаның ұзақтығы бес минут қана болса да, балалардың одан біліп шығатыны көп.
Бүгінге дейін «Ғылымға саяхат» бағдарламасының 20 бөлімі шықты. Әр шығарылымда Ғылымпаз бен Нұрасылдың алдында екі қорап — екі таңдау тұрады. Олар оның бірін таңдайды. Ол қораптың ішінде хат пен қажет заттар бар. Хатта теория жазылған. Ғылымпаз бен Нұрасыл теорияға сүйене отырып, қораптағы заттардан тәжірибе жасауы керек. Олар тәжірибесін жүзеге асыруға қиналса, Анар Нұрділдәқызы, Қанат Ерқожаұлы сияқты ғалымдар көмекке келеді. Бағдарламадан Ғылымпаз бен Нұрасыл да, көрермен-балақайлар да ғылымды меңгереді. Бағдарлама қатып қалған ғылым заңдарын ойын арқылы оңай түсіндіреді. Олар шардан зымыран, бөтелкеден электроскоп жасайды және тағы басқа. Осылай, олар балалардың білімін арттырып қоймай, креативін дамытады. Керемет емес пе?!
А.I.DOS. бағдарламасы
Қазір технологияның дамығаны соншалық, ересектер кәсібінде, оқуында жасанды интеллектіні қолданатын болды. Жасанды интеллект өмірімізге біртіндеп еніп келе жатқандықтан, оның тілін балалар да түсінуі керек. Бұл бағдарламада балалар жасанды интеллектімен дос болып, оған өзін мазалаған не қызықтырған сұрағын қоя алады.
A.I.Dos — жасанды интеллект. Оның A.I.Zere, A.I.Abyl және A.I.Bolat деген достары бар. Олар бірігіп балалардың сұрақтарына жауап береді. Мәселен, A.I.Zere әдеп, мәдениет, салауатты өмір салтын, A.I.Abyl география мен тарихты, A.I.Bolat ғылым мен технологияны жақсы меңгерген. Олар өз біліміне сүйеніп, «Ұшатын табақ бар ма?» «Әпкем менімен ойнамай қойды, айнаға қарай береді. Айнаның кім ойлап тапқан өзі?» «Құстар бір-бірінің тілін түсіне ме?» «Күзде неге жапырақ сарғайып, қурап қалады?» деген сияқты балалардың кез келген сұрағына жауап береді.
Бұл бағдарлама балалардың көкжиегін кеңейтеді. Кішкентайлар қысылмай сұрауды үйренеді. Ал сұрай білген бала көп нәрсе біліп шығады.
Balapan live бағдарламасы
Balapan live бағдарламасын Асқар деген жігіт пен Үлпілдек деген тиін жүргізеді. Олар балаларға пайдалы болатын қызық деректер айтады, балаларға қатысты жаңалық таратады. Талантты, дарынды балаларды, кішкентайларға арналған жобаларды әзірлеген ересектерді сұхбатқа шақырып, әңгімелеседі. Оған қоса олармен ойнайды. Осылай, бағдарлама талантты жеткіншіктерді танытады, өзгелерге үлгі етеді. Ал көрермен-балақайлар бағдарламадан біраз мағлұмат жинап, зейінін арттырады.
Бағдарламаның ұзақтығы — 30 минут. Бүгінге дейін 64 бөлімі шыққан.
iBars бағдарламасы
iBars бағдарламасына үш-бес жастағы балалар қатысады. Кіп-кішкентай балалар екі команда құрып, бір-бірімен жарысады. Бағдарламада олар «Кім жылдам?» «Ойна да, ойла», «Кім тапқыр?» «Кім жүйрік?» деген ойын кезеңдеріне қатысып, интеллектуал сұрақтарға жауап береді, тапсырмаларды орындайды. Соңында жеңімпаздар сый-сыяпат алады. Бағдарламада әр үйдің еркесі еркелігін шетке ысырып, ересек адамдай ойланып, басқа балалармен команда болып жұмыс істеуді үйренеді.
Бағдарламаның ұзақтығы — 15 минут. Бүгінге дейін 29 бөлімі шыққан.
Science сабағы
Кішкентай Сириннің ең сүйікті орны — оның зертханасы. Онда ол түрлі эксперимент жасағанды ұнатады. Сирин тәжірибені тек өзі жасап қоймай, Қазақстанның түрлі өңірінен ғалым-балаларды зертханасына шақырып, бірге жасап, білім алмасады. Екі-үш минутқа ғана созылатын бағдарламада Сирин және басқа балалар көрерменге түрлі қызық тәжірибені көрсетеді.
Бағдарлама биыл басталды. Бүгінге дейін тек алты шығарылымы шығып үлгерді.
***
Тағы оқыңыз:
«Сұранысты өтейтін біз бармыз». Tentek дүкенінде қандай кітаптар сатылады?