Жас ғалым Нариман Қайырбеков полиэтилен пакеттерге балама болатын әдіс ойлап тапты. Ол  Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері болып істейді. Ойлап тапқан жобасы қоршаған ортаның ластану проблемасын біршама шешеді. Жас ғалым Baribar.kz тілшісіне қазір не зерттеп жүргенін және қандай жобалар жасап жатқанын айтып берді.

Жылдам ыдырайтын материал қалай әзірленеді?

Полиэтилен пакеттері көп жыл бойы ыдырамай, сол күйі қоршаған ортаға үлкен зиян тигізеді. Нариман Қайырбеков полиэтилен пакеттерінің орнына биологиялық жылдам ыдырайтын материалдар әзірлеуді ойлап тапты.

Басында табиғи полимерді толықтай зерттеп, оны химиялық өзгеріске ұшыраттық. Зиян заттарды алып тастап, зиянсыздарын енгізіп, қажет материалды қалай алатынын білуге тырыстық. Бұл зерттеудің процесін толық айта алмаймын, өйткені ол әзірше құпия, — дейді жас ғалым.

Жас ғалымға ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхананың меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла ғылыми жетекші ретінде көмектесіп жатыр. Ғалымдар полимерге ұқсас әрі табиғатқа зиян келтірмейтін материал жасауды жоспарлап отыр.

Бұл жобаның негізгі бағыты – табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын композициялық материалдар әзірлеу. Ал полиэтилен — мұнай қалдықтарынан шыққан материал. Былайша айтқанда, полиэтилен ол полимердің күрделі химиялық қосылысы. Сондықтан оның ыдырауына өте көп жыл қажет. Ал біз ойлап тапқан материалы жылдам ыдырайды, — дейді Нариман қайырбеков.

Ғалымдар биологиялық ыдырайтын материалды крахмал негізінде жасамақ. Нариман Қайырбековтің айтуынша, оны целлюлоза негізінен де жасауға болады. Екеуі де суда тез еритіндіктен, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді.

Әзірше бұл жобаның тек идеясы бар. Жобаны іске асыру үшін ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті ұйымдастырған конкурстан өтіп, грант ұтып алып, қаржылай көмек алуды ұйғардық. Бұл ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс. Оған өтініш беріп қойдық, енді жауабын күтіп отырмыз, — дейді ол.

Бірақ ғалымдар қол қусырып қарап отырмай, зерттеуді жалғастырып жатыр. Олар табиғи полимерді шетел ғалымдардың зерттеу нәтижелерімен салыстырып, оның физикалық және химиялық заттарын талдады. Қаржылай көмек алғаннан кейін, бұл жобаны іске асыруға бірден кіріседі.

Полиэтилен пакеттерге балама болатын әдістің идеясы қалай пайда болды?

Нариман Қайырбековтің айтуынша, бұл жобаның идеясы мектепте оқып жүргенінде пайда болғанын айтады. Бітіруші түлек кезінен бастап жас ғалым жобаны ойластырып, зерттеу жүргізген. Ғылыми жетекші Ақатан Қыдырмолла үшін де қоршаған ортаның жағдайы маңызды. Оған қоса бұл елдегі өзекті мәселе болғандықтан, жоба жалғасын тапқан.

Нариман Қайырбеков. Фото жеке архивінен

Ғалымның тағы қандай жобалары бар?

2020 жылдың басынан Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықпен бірге жоғары темпретатуралық сутек элементтерін әзірлеу жобасы жасалып жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты — термоядерлық энергия көзі болатын сутектік элемент алу.

Бұл жобаның пайдасы көп. себебі біз қоршаған ортаға зиян келтірмей, табиғи, шексіз тоқ көзін ала аламыз. Мәселен, сутектік, оттектік элемент ауаның құрамында бар. Осы жоба іске асса, болашақта тоқты ауадан аламыз, — дейді жас ғалым.

Сутектік элемент мембрана тәріздес. Ғалымдар оны арнайы камераға орнатады. Кейін ол жерге сутек пен оттек енгізеді. Олар реакцияға ұшырап, нәтижесінде термоядерлық энергия бөлінеді. Бұл энергияны тоқ көзіне айналдырады. Нәтижесінде шыққан материалдан механика энергиясын алуға болады немесе оны басқа заттарға айналдыруға болады.

Зерттеуге балама ретінде металдың карбондарын алдық. Оларды өңдеп, химиялық өзгеріске ұшыраттық. Одан алынған материалға қышқыл сияқты түрлі химиялық зат қосып, материя шығардық. Ары қарай оны қолданысқа қаншалық жарамды-жарамсыз екенін анықтадық. Бұл зерттеудің процесін, қорытындысын да айта алмаймын. Өйткені ол да әзірше құпия, — дейді Нариман Қайырбеков.

Оның физикалық, химиялық қасиеттерінің құрылымын білу үшін электрон микроскоп, инфрақызыл спектроскопия сияқты күрделі құрылғыны қолданылды. Зерттеу әлі аяқталмады. Ғалымдар нәтижесін күтіп отыр.

Нариман ғылымға қалай келді?

Нариман Қайырбеков мектеп кезінен бері ғылымға, әсіресе химияға әуес. Мектепте түрлі ғылыми жобаға, халықаралық додаға, олимпиадаға қатысып, жүлделі орынға ие болған.

Нариман Қайырбеков. Фото жеке архивінен

Сонымен қатар Нариман Қайырбеков ұлттық ғылыми зертханасының ғалымдары ұйымдастырған экскурсияға, түрлі ғылыми конкурстарға көп қатысып, зертханаға жиі барып тұратын. Осылайша, ол бірте-бірте ғылым әлемімен жақын таныса бастады.

Қазіргі жастардың ғылымға деген ынтасы қандай?

Нариман Қайырбековтің айтуынша, қазіргі таңда ғылымға қызығып жүрген жастар жыл сайын көбейіп жатыр.

Олар көбіне ғылым арқылы қоршаған орта жағдайын жақсартатын, елімізге пайдасы тиетін жобаларға жақын, — дейді Нариман Қайырбеков.

Ғалым тағы нені зерттегісі келеді?

Жас ғалым наноматериалдар (наноматериалдар — нанобөлшектерді немесе нанотехнологияларды пайдалана отырып жасалған материалдар. Оларға бірден 100 нанометрге дейінгі объектілер жатады) арқылы медицина бағытында жұмыс істеуді жоспарлап жатыр.

***

Тағы оқыңыз:

Томирис Құрманалина: Ғалым болу сәнге айналғанын қалаймын