Ақтөбеде 75 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбаны болды. Ол екінші деңгейлі банк есепшотындағы 13 миллион теңге ақшасынан айырылды.
Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше өңірде күн сайын алаяқтық дерегі тіркеледі. Түрлі ескертуге қарамастан, тұрғындар құпия ұстауға тиіс ақпаратты бейтаныс адамға беріп, барынан айырылып қалып жатыр.
Зейнеткерге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған. Қоңырау шалушы алаяқтар оның атынан несие рәсімдеп жатқанын және мұны тоқтату үшін жинақ ақшасын қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтқан. Жәбірленуші қоңырау шалушының барлық айтқанын орындаған. Нәтижесінде алаяқтар оның шотынан 13 миллино теңге сомасында ақша алған. Алаяқтық дерегі бойынша күдікті адамды анықтауға және ұстауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.