Көңілді тапқырлар клубының әзілдері

Әзілге жақын студенттердің шығармашылығын шыңдауға байланысты дәстүрлі түрде өтетін бәйгенің жүлде қоры қомақты болды.

Жеңімпаз атанған «Филфак» құрамасына  кубокпен бірге 200 000 теңге, 2 орынды иеленген «Мехмат» құрамасына Астана қаласына саяхат, 3 орын алған шығыстану факультетінің «Класстастар» командасына «Ыстықкөл» спорттық-сауықтыру лагеріне жолдама берілді. Басқа командалар ағылшын тілі курсына, спорттық жаттығу залына және 20 000 теңге сертификаттарын алды.. Үздік әзіл ойнаған  «Мех-мат құрамасы» командасының ойыншысы мен «Филфак құрамасы» командасының капитаны Түркияның Анталия қаласына демалысқа жолдама берілді.

Назарларыңызға ҚазҰУ сахнасындағы қағытпа қалжың мен әдемі әзілдерден үзінді ұсынамыз.

*Бұрынғы қызының сіңлісімен жүріп жүрген жігіт:

-Жаным, сендердің осы жемпірлерің-ақ тозбайды екен. Әпкең де кездесуге осыны киіп шығатын еді. («Әлем.kz» құрамасы)

*Есте сақтау қабілеті нашар кондуктор жолақысын төлеген жолаушыларды суретке түсіріп алады екен. («Әлем.kz» құрамасы)

*»Қыз Жібек» фильмі «Мехмат» құрамасының көзімен:

-Төлеген, Қыз Жібек менікі!

-Жоқ, Бекежан! Мен Қыз Жібекті сүйемін!

Қыз Жібек: — Екеуі таласып жатқанда Қабанбай батырды сындырып алғансың ғой. («Мехмат» құрамасы)

«Титаник» фильмі «Мехмат» құрамасының көзімен:

-Шәкіртақыдан айырылғандар бар ма?

-Бар, бар!

-Летоға қалғандар бар ма?

-Бар, бар!

-Сауап, сауап! Оқу керек еді! («Мехмат» құрамасы)

АҚШ-та кездесіп қалған екі қазақ:

-Hello!

-Hi!

-How are you?

-Fine, thanks!

-Алло, әке қалыңыз қалай? Мен аман-есен жеттім.

-Досым, сен де қазақсың ба?

-Иә, сен де қазақсың ба?

-Бауырым, қай жерденсің?

-Шымкентскиймін.

-No,no! («Мехмат» құрамасы)