Алматыдағы лай көшкіні: бір адам өлі табылды

Алматыдағы лай көшкіні салдарынан бір адам өлі табылды. Бұл туралы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин мәлімдеді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 10.36-дағы ақпарат бойынша, лай көшкіні жүрген жерде жедел штаб құрылды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев топырақтың лайлануы сапдарынан болған техногендік сипаттағы лай көшкіні болған жерге барды. 

Қала басшысы бүлінген ғимараттарды аралап, шұғыл көшпелі кеңес өткізді.

Басты басымдық — іздеу-құтқару жұмыстары. Алдын ала ақпарат бойынша үйде тұратын адамдарды іздеу бойынша барлық жұмылдыру тобының жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет, — деді Ерболат Досаев.

Көршілердің айтуынша, бұл үйде төрт адамнан тұратын отбасы болған.

Әкімнің тапсырмасы бойынша болған оқиғаның себептерін тексеру және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды.

Еске салайық, 8 ақпанда Медеу ауданының «Тау-Самалы» шағынауданындағы Олимпийская көшесі бойында техногендік сипаттағы топырақтың батпақтануы салдарынан лай көшкіні болған.