Төрт адам іздестіріліп жатыр: Алматыда тауда лай көшкіні жүрді

Алматы қаласы Медеу ауданының Тау-Самал шағынауданында техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні жүрді. 

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқиға туралы ақпарат 8 ақпанда сағат 02.20-да келіп түскен.

Министрліктің мәліметінше, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3 200 текше метр болатын лай көшкіні жүрген. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Алдын ала ақпарат бойынша, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Көмекке «Қазселденқорғау» ММ, Алматының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада. 

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Олар № 47 мектепке орналастырылды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажет көмек көрсетілді. Жиналу пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.

Дәрігерлер бригадасы кезекшілікті жалғастырып жатыр. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Ықтимал зардап шеккендерді іздеу жалғасуда. Үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмыстарды қиындатып жатыр, — делінген хабарламада.