Президент Қазақстандағы жолдардың жағдайын сынға алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жолдар туралы айтты.

Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана-Балқаш-Алматы» тасжолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына бес жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Бұл жерде бірнеше мәселені ескеру қажет. Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады, — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек.

Сонымен қатар жол құрылысына қажет техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес, — деді президент.