«Алтын орда» базарының бұрынғы атқарушы директоры сотталды

«Алтын орда» базарының бұрынғы атқарушы директорына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Алматы облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады. 

Базардың экс-басшысына аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сақтап, тасымалдады деген айып тағылды.

Былтыр жазда «Алматы-Бішкек» автожолында полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан. Көліктің артқы орындығында сотталушы «М» есімді азамат отырған. Оны тінту кезінде сотталушыдан ұнтақ сақталған зат тәркіленді. Сот-химиялық сараптаманың нәтижелері бойынша бұл зат психотропты зат болып шықты – салмағы 1,796 грамм болатын мефедрон (аса ірі мөлшерде), — делінген хабарламада. 

Прокурор сотталушыны бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал сотталушы кінәсін мойындамаған және айғақ беруден бас тартқан.

Сотталушының кінәсі сотта зерттелген ұстау және жеке тінту бейнежазбасы, психотроптық заттың сот-химиялық сараптама нәтижелері, алақанның жуылуы, қолдың тырнақ кесінділері және құрамында психотроптық зат-мефедрон бар джинсы шалбар қалтасының кесіндісі, сот – химиялық зерттеулер арқылы дәлелденді, — дейді облыстық сот.

Сот оның жас баласының барын ескеріп, «Алтын орда» базарының бұрынғы атқарушы директорын төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.