Алматы облысында инвестор заңсыз тексеруге ұшыраған

Инвестор «СТК Sokol» ЖШС-ына бақылаушы орган заңсыз тексеру жасаған және шектеу шараларын қолданған. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.

Бүгінгі таңда инвестор спорт-техникалық саланы дамытуға бағытталған жобаға 20 миллиард теңгеден астам қаржы салған.

Кәсіпкерлік кодекстің талаптарын бұза отырып, Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментінің қызметкері құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тексеруді тағайындау туралы акті тіркелмей, ЖШС қызметіне тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша ауданы 100 гектар жер учаскесіне ауыртпалық салынған, — делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша тексеру заңсыз деп танылып, жер учаскесіне салынған шектеу сипатындағы ауыртпалық алынып тасталды.

Облыс прокуратурасының қаулысымен заңсыз тексеруді жүзеге асырған қызметкер ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды (жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу).

Бизнес пен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жұмыстары жалғасып жатыр және облыс прокуратурасының ерекше бақылауында.