«ҚазМұнайГазда» кадрлық өзгерістер болды

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында кадрлық өзгерістер болды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап қызметінен кетті. Сонымен қатар ол «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау өкілдігінің директоры лауазымындағы жұмысын да аяқтады, — делінген хабарламада.

ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен компанияның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Дәулетжан Хасановқа алғыс білдірді. Дәулетжан Хасанов ҚМГ-да түрлі басшылық қызметтер атқарған. ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары ретінде мұнай барлау және өндіру блогына жетекшілік еткен.

Нұрсейіт Союнов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, сонымен қатар оған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі директорының міндеттері қоса жүктелді. Бұған дейін Нұрсейіт Союнов «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры қызметін атқарған, — делінген хабарламада.

Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «Урал Ойл энд Газ» ЖШС мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған. Еңбек жолын 2001 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ оператор болып бастаған.