Мағзұм Мырзағалиев президентке Жаңаөзендегі ахуал туралы айтты

Мен қазір мемлекет басшысына Жаңаөзендегі ахуалға қатысты да баяндадым. Біз екі апта бұрын Ақтауда «ҚазМұнайГаздың» өкілдігін арнайы ашқан едік. Бұл кеңсенің негізі бағыты мен мақсаты — халықпен жұмыс істеу, халықтың, сонымен қатар кәсіпорындардың сауалдарын қарастыру, өндірістік көрсеткіштерді күшейту. Өкінішке орай, жыл басынан бері Өзен кен орнындағы мұнай өндіру көлемі жоспарлы көрсеткіштерден кем болып отыр. Яғни, біздің күн сайын өндіру көлеміміз 1 000-1 200 тоннаға төмен. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейте бастадық, — деді Мағзұм Мырзағалиев президент қабылдауынан кейін.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысына мұнай-газ химиясы кешенін дамыту жайында жеткізгенін айтты.

Тамыздың 20-сына қарай Атыраудағы ірі полипропилен шығаратын зауыт ашылады. Қазіргі уақытта соңғы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл зауыт ашылғаннан кейін 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл осы өңірдегі ең ірі зауыттардың бірі саналады. Оның өндірістік қуаты жылына 500 тонна пропиленді құрайды, — деді ол.

Мағзұм Мырзағалиевтің атап өтуінше, «ҚазМұнайГаз» қазіргі уақытта екі жобамен айналысып жатыр.

Біріншісі — полиэтилен шығаратын зауыт. Бұл зауыттың жылдық қуаты 1 миллион 250 мың тонна полиэтиленді құрайды. Ол да Атырауда орналасқан. Екінші жоба — бутадиен шығаратыy зауыт. Бұл жоба да компанияның стратегиялық серіктестерімен пысықталып жатыр, — деді компания басшысы.