Президент Башқұртстан Республикасының басшысын қабылдады

Президент Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Мәскеудің екіжақты байланыстарын нығайтуға өңіраралық ықпалдастық елеулі үлес қосып отырғанын айтып өтті. Осы орайда Башқұртстан Республикасы ерекше рөл атқарады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты қатынастарға тың серпін беру тұрғысынан алғанда бүгінгі сапарыңыздың мәні зор. Біз индустрия, агроөнеркәсіп кешені және гуманитарлық салалардағы байланыстарымызды әртараптандыру үшін барынша күш саламыз, — деді мемлекет басшысы.

Президент бірқатар келісімнің, соның ішінде үкіметтер деңгейінде қол қойылған ынтымақтастықтың 2023-2024 жылдарға арналған жол картасының табысты жүзеге асырылып жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысы еліміздің өңірлері мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымының қарқынын оң бағалады. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық деңгейінің көрсеткіші 350 миллион доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Башқұртстан Республикасының жетекші сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.

Радий Хабиров қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретініңізді білеміз. Менімен бірге үлкен делегация келді. 2-3 жылдың ішінде біз тауар айналымы мен өнеркәсіп кооперациясының көлемін айтарлықтай ұлғайттық. Бүгін «Қазақстан–Башқұртстан» форумын аштық. Біз үшін Қазақстан – ең басты серіктес. Біз мұнда өзімізді еркін сезінеміз, – деді Радий Хабиров.

Кездесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, өнеркәсіп және өзара мүддені көздейтін басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді.