Адамдар қорылды ұйықтап жатқанда болатын әдеттегі процесс деп ойлайды. Дегенмен оның денсаулыққа, адамның әл-ауқатына зияны бар екенін ескермейміз. Baribar.kz сомнолог-невролог Әділ Бейсенбаевпен адам не үшін қорылдайтыны, оның салдары қандай болуы мүмкін екені және қорылдан қалай арылуға болатыны туралы сұхбаттасты.

Адам неге қорылдайды?

Адам мұрын мен жұтқыншақ арқылы тыныс алады. Жұтқыншақтың қозғалмайтын бөлігінде перде сияқты жұмсақ таңдай бар. Кейде сол жерде ауа кедергіге ұшырап, тербеліп, дыбыс шығарады. Сол шыққан дыбысты «қорыл» дейміз. Ауаның кедергіге ұшырап шыққанына, қорылдың пайда болғанына көп фактор әсер етеді. Маман олардың ішіндегі негізгілерін атады.

1-себеп. Артық салмақтан. Адам артық салмақ қосқанда оның мойнының жұмсақ тіндеріндегі май тамағын қысып қалады да, содан қорыл пайда болады.

2-себеп. Шаршағаннан. Кейде дені сау адам да қатты шаршағаннан қорылдайды. Бұл — қалыпты нәрсе, мұндайда қорылдаған қауіпті емес.

3-себеп. Құлақ, мұрын, тамақ ауырғаннан. Адамның мұрын қалқасы қисайғанда, полип, ринит, аденоид сияқты аурулармен ауырғанда қорыл пайда болады. Науқастың мұрны ауырып, бітелген соң, аузы арқылы демалады да, салдарынан қорылдайды.

4-себеп. Шалқасынан жатып ұйықтау. Адам дұрыс қалыпта жатпағаннан да қорылдайды. Мысалы, шалқамыздан жатқанда басымыз салбырып тұрады да, қорыл басталады. Кейін бір жағымызға қарап жатқанымызда қорыл басыла қалады. Мұндай түрін сомнологияда «позициялық қорыл» деп атайды. Мұндай қорылдан құтылу үшін дұрыс жату керек.

5-себеп. Эндрокиндік жүйе бұзылғанынан. Қалқанша безінен гормон аз бөлінгенде гипотиреоз деген ауру туындайды. Бұл кезде адам ағзасында ақуыз алмасу процесі бұзылады да, ағзадағы сұйық тұрып қалады. Мұндай ауруға шалдыққан адамның денесі, қолы, беті, мойны ісіп кетеді. Салдарынан қорылдай бастайды.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

6-себеп. Бет қаңқасы ерекше болғанынан. Кейбір адамдар бала кезінен қорылдайды. Бұған оның туғанынан бет қаңқасы ерекше болғаны себеп: жағы кішкене артқа кеткен, ал мұрны ұзын келеді. Дәрігерлер мұндай адамның бет-әлпетіне қарап, оның қорылдап-қорылдамайтынын анықтай алады. Тісін дұрыс тістемейтін адамдарда да (прикус — ред.) қорыл болуы мүмкін.

7-себеп. Жасы келгеннен. 30-жастан кейін адамның бұлшықет массасы азайып, тонусы төмендейді. Соның салдарынан адамның беті, денесі салбырайды. Тек дененің сырт көрінісі емес, ішкі ағза да өзгереді. Сол себепті 40-45 жастағылар көп қорылдай бастайды. Бірақ егде жасқа келгенде қорыл ақырындап азаяды.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Әділ Бейсенбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әйел мен ер: қорыл қай жынысқа тән?

Әйелдер де, ерлер де қорылдауы мүмкін. Қорыл жыныс талғамайды. Дегенмен қорыл көбіне жасы 50-ден асқан, дене бітімі, мойны қатты ерлер де кездеседі. Ал әйелдер көбіне ұйқысыздықтан зардап шегеді.

Ұйқы режимінің қорылға әсері бар ма?

Ұйқы режимінің қорылға тікелей әсерін нақты айту қиын. Дегенмен ұйқы қорыл тудыратын факторға әкеп соғуы мүмкін.

Мәселен, ұйқы режимі бұзылған адам ертесі мазасыз болып жүреді, ұйқысы келеді, шаршайды. Шаршаған адам қорылдауы мүмкін.

Қорылдың салдары қандай?

Әдетте қорыл қауіпсіз. Тек ұйықтағанда қатты қорылдап, жанында жатқан адамның мазасын алуы, оған ұйқы бермеуі мүмкін.

Дегенмен жоғары тыныс жолдары бітеліп, өкпеге ауа бармай қалғанда қауіпті. Адамның өкпесіне ауа жеткілікті мөлшерде бармаса, қандағы оттегі азаяды. Бұл — ағза үшін стресс. Мәселен, сіз бассейнге түскенде, суға сүңгіп кіріп кеттіңіз делік. Біраз уақыттан соң сізге ауа жетпей қалғанда, бірден судың бетіне шығып, ауа жұтуыңыз керек. Адам ұйықтағанда тыныс жолы бітелгеннен қорылдаса, оған ауа жетпей жатыр деген сөз.

Тыныс жолы бітелгеннен қорылдайтын адам түнде бір немесе бірнеше мәрте оянуы мүмкін. Тіпті өзінің оянғанын білмеуі де ықтимал. Ол сол бассейндегідей, ауа, оттегі жұту үшін оянып, қайта ұйықтайды. Ал бұлай 20-30 рет оянған адамның ұйқысы дұрыс болмайды. Ұйқысы дұрыс емес адам ертесі әлсіреп жүреді, шаршайды, мазасызданады, күндіз ұйықтағысы келіп жүреді. Бұл — адамның түнде дұрыс демалмағанының белгісі.

Ұйқысы дұрыс емес адамның ағзасында гормон да дұрыс бөлінбейді. Біз бәріміз табиғатқа тәуелдіміз. Күндіз бөлінетін гормондар, түнде бөлінетін гормондар бар. Адам дұрыс ұйықтамаса, күйзеліске ұшырайды, адреналин көп бөлінеді, жүрек соғысы күшейеді, ми қозып, оттегі мен қорек заттарын сұрай бастайды. Мұндай күйде жүретін адамда түнде кортизол гормоны көп бөлінеді. Кортизол — ұзаққа созылған күйзеліс кезінде пайда болатын гормон. Кортизол адамның ағзасынан артық затты алуы керек, бірақ ол көп бөлінгенде ағзаға қажет қоректі де алып қояды.

Ұйқысы дұрыс емес адамда соматотроп гормоны да дұрыс бөлінбей, салдарынан артық салмақ қосады. Себебі бұл гормон адам денесіндегі майды азайтады. Бұл гармонның бөліну процесі бұзылған адам қанша диета ұстаса да, спортпен шұғылданса да, арықтай алмайды. Оған тек ұйқысын реттеу керек.

Тыныс жолының бітелгенінен және ағзаға қажет оттегі бармағанынан адам қорылдайды. Сөйтіп түнде көп оянады, ертесі басы ауырады, ұйқысы қанбайды, мазасы қашады. Бұл — ұйқы апноэсы деген аурудың белгілері. Ұйқы апноэсы кесірінен адам инфаркт, инсульт алатын жағдай көп.

Сонымен қатар қорылдың асқынған түрі бар адамдар қант диабетіне шалдығуы, қан қысымы көтерілуі, жыныстық құмары азаюы мүмкін. Оған қоса мұндай адамдардың бас пен мойны терлейді, түнде кіші дәретке көп барады.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Әділ Бейсенбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Адамдар қорыл себебін білу үшін неге дәрігерге бармайды?

Адамдар көбіне жаны, тәні ауырғанда ғана, дәрі-дәрмек көмектеспегенде ғана ауруханаға барады, дәрігерге қаралады. Бірақ қорыл — өте қу ауру. Себебі науқас тек жайсыздық сезеді. Адам ұйқысы қанбағанын, қорылдайтынын біледі, бірақ оны ауру санамайды. «Қорылдаймын, онда тұрған не бар?» деп те ойлауы мүмкін. Бірақ қорылдың салдары қауіпті болуы мүмкін екенін ескермейді.

Бұл ауру тек адамның ағзасына емес, әлеуметтік жағдайына да зиян. Қорылдап, дұрыс ұйықтамаған адамның күндіз ұйқысы қанбай, жұмысына дұрыс ден қоя алмайды. Ұйықтап кету жол апатына да себеп болып жатады.

Қорылдайтын адам қандай дәрігерге баруы керек?

Қорылға қатысты проблемасы бар науқастарды сомнолог-дәрігерлер қарайды. Өкінішке қарай, дамыған батыс елдерінде де бұл ауруға салғырт қарайтындар біршама.

Осы сәтті қолданып айтарым — қорылдасаңыз, тыныс жолыңыз бітеліп, оттегі жетпейтін кездер болса, ұйқыңыз қанбаса, күні бойы мазасыздансаңыз, қан қысымыңыз көтерілсе, артақ салмақ қоссаңыз, қант диабеті болса, жыныстық құмарыңыз азайса, сомнолог-дәрігерге қаралуыңыз қажет. Жақын адамыңыздан симптомдарды байқасаңыз, түнде жай ғана түртіп, оятып қана қоймай, дәрігерге апару керек.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Әділ Бейсенбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сомнология ғылымы жылдан-жылға дамып келеді. Сомнолог-дәрігерлер түрлі құрал арқылы қорылды зерттейді. Мәселен, бізде whatch pad деген сағат бар. Ол арқылы адамның ұйқысын, қорылын талдаймыз. Науқасқа құралды береміз. Ол түнде ұйықтағанда сағатты қолына, оның бергішін (датчигін — ред.) саусағына тағып, оны қосып ұйықтайды. Оның еш зияны жоқ. Таңертең оянғанда шешіп, қорабына салып, маған қайта әкеледі.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Одан біз науқастың түнде қанша мәрте қорылдағанын, қанша мәрте оянғанын, қаншалық терең ұйқыға кеткенін, қаншалық тыныс алмай қалғанын, қай қалыпта жатса, қорылдайтынын, оттегі мөлшерін және тағы басқа қажет ақпаратты көре аламыз.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса түнде тыныс жолы бітелген, тыныс алуы қиын адамдарға ауыз және мұрын арқылы немесе тек мұрын арқылы оттегі жіберетін арнайы құралдар да бар.

сомнолог Әділ Бейсенбаев.
Әділ Бейсенбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айтпағым — бір қарағанда еш зияны жоқ боп көрінетін қорылдың өзінде де дәрігерге барып, қаралу қажет. Дұрыс жатпау, шаршау сияқты нәрседен туындаған қорыл болса, бәрі жақсы. Дегенмен адам тыныс жолы бітеліп, оттегі жетпей, бір мезетте оянбай қалуы да мүмкін. Салдары өлімге апаратын қорылды емдеу керек. Дәрігер адамның не себепті қорылдайтынын анықтап, одан арылуға көмектесе алады.

***

Тағы оқыңыз:

«Табиғи психолог». Сомнолог түс көру жайлы