«Табиғи психолог». Сомнолог түс көру жайлы

ұйқы, сомнолог, түс көру
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Жиі түс көресіз бе? Жаман түс көріп, қайта ұйықтауға қорқып қалған кезңіз болды ма? Baribar.kz түс көру жайлы және дұрыс ұйқының денсаулыққа әсері туралы невролог, сомнолог дәрігер Әлия Байдәулетовадан сұрады.

Түс көру деген не?

Әлия Байдәулетова медицина тұрғысынан түс, ұйқы дегеннің не екенін түсіндіріп берді.

Адамның миы тек екі халде болуы мүмкін: біз не сергек жүреміз, не ұйықтап жатамыз. Ұйқы — адамның ояу халі сияқты мидағы физиологиялық процесс. Адам туғанда ұйқының нақты ұзақтығы генінде жазылады. Бір адамға ұйқысы қанып оянуы үшін сегіз-тоғыз сағат керек болуы мүмкін, енді бірі алты-жеті сағат ұйықтауы қажет, — дейді ол.

Сомнолог түс көру ағза үшін маңызды кезең екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, медицинада түс көруге «табиғи психолог» деген бейресми атау берілген.

Түс көру процесі — біздің табиғи психологымыз. Күні бойы көп ақпарат қабылдасақ, трениңге, дәріске қатыссақ, эмоциялық күйзеліске толы жағдай болса, біреуге ренжісек — осы ақпараттың бәрі түс-картина ретінде қорытылып, бейсанаға кетеді, — дейді ол.

Түс көру — әлі күнге толық зерттеліп бітпеген сала. Әлия Байдәулетованың айтуынша, барлық адам түс көреді.

сомнолог, ұйқы, түс көру
Әлия Байдәулетова. Фото жеке архивінен

Түс көру — ұйқының маңызды әрі мистикалық бөлімі. Адамдар осы бөлімге ерекше мән береді, бір мағына іздеуге тырысады. Негізі ұйықтап жатқанда миымыз «Ұйқы циклі» деп аталатын өте күрделі іспен айналысады. Бір түнде миымыз 90 минуттан үш-төрт цикл орындайды. Әр цикл екі фазадан тұрады. Біріншісі — баяу ұйқы циклі. Бұл фазада бір күн бойы жұмсалған энергияның орны толып жатады.  Екінші фаза — тез ұйқы немесе адам түс көретін ұйқы кезеңі. Бұл бар-жоғы 15 минутқа созылады. Демек, бәріміз бір ұйықтағанда төрт рет түс көреміз. Медициналық норма бойынша, көрген түсіміз дереу ұмытылуы керек. Ми ол түстер шынайы өмірде қажет болмаған соң, бірден жадымыздан өшіріп отырады, — дейді ол.

Неге кейбір түстер ұмытылмайды?

Сомнологтың сөзіне қарағанда, адамдар көбіне оянар алдында көрген түсін ұмыта алмай жүреді. Ми бұл кезде деректерді жадыдан өшіріп үлгермей қалады.

Соңғы циклда көрген түсімізді ұмытып үлгермей, бірнеше сағат немесе бірнеше күн есте тұрады. Кейбір адам жылдап «ұмыта алмай» да жүреді. Бұл — қалыпты дүние. Тек күнделікті өмірге, эмоциялық халіңізге әсер етпесе болғаны, — дейді ол.

Адам көрген түсін ұмыта алмай, ұмытса да, біраз уақыт өткен соң оны қайталап көруі, кейде сериал сияқты жалғасын көретін кездер болады. Маман мұның да қалыпты екенін айтады.

Түс көруді зерттейтін мамандардың дүниежүзілік қауымдастығы бар. Бұл қауымдастықта тек сомнолог, невролог емес, психолог, психотерапевт, эзотерик және өзге де мамандар бар. Айтпағым, түс көру бір ғана маман айналысатын іс емес. Мәселе бойынша кімге хабарласу керегін білу үшін, адамның өміріне көрген түстері қалай әсер ететінін анықтау керек. Түсінде түрлі шытырман оқиға көрсе де, түнде қорқып оянбаса, ұйқысы бөлінбесе, оянғанда есінде болса да, кейін ұмытып кетсе, көрген түсі күнделікті өмірдегі көңіл-күйіне әсер етпесе, мүлдем проблема жоқ, — дейді дәрігер.

Алайда кейде түс көргіштік денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.

Адам түс көріп, одан шаршаса, түнде ұйқысы бөлініп, ояна берсе, мұны кішкене емдеп жіберуге, яғни түс санын азайтуға көмектесуге болады. Әдетте мұндай проблемамен келетіндер — шығармашылық адамдар, журналистер, сценаристер, тарихшылар, психологтар және тағы басқасы. Бұған қоса әйелдер еркектерге қарағанда жиі түс көреді. Бұл аталғандардың бәрі — басқаларға қарағанда көп ақпаратпен жұмыс істейтін, бір күнде бірнеше адаммен сөйлесіп, түрлі эмоцияны бастан кешетін адамдар. Созылмалы күйзелісі бар, мазасыз адамдар да жиі түс көруі мүмкін, — дейді ол.

Түс көргіштіктен арылуға бола ма?

Дәрігердің айтуынша, мұндай проблемаға шағымданатын пациенттерге көмектесу үшін қолданылатын бірнеше нақты практика бар. Ол түс көргіштен дәрілік препаратқа қарағанда, эмоциялық босаңсу көбірек көмектеседі дейді.

Мәселе адамның эмоциялық халінде екені, күйзелісте жүрген соң, көп түс көретіні анықталса, ешқандай дәрілік препарат бермейміз. Тек психолог сессияларына баруды ұсынамыз. Психологқа барғысы келмейтін адамдар да болады. Бірақ адамның ішінде өксік жиналса, жазбаша практика жасап көруге де болады. Кешке отырып, қағаз алып, жиналғанның бәрін жазып шығу керек. Оның бірін «Алғыс күнделігі» ретінде, енді бірін «Аяқталған істер күнделігі» ретінде жазуға болады. Осылай, ойда қорытылмай, жүк болып тұрған артық ойдың бәрі сыртқа шығып, ми тазарып қалады. Бұл практиканы міндетті түрде қолға қалам алып, қағазға жазу керек. Компьютер немесе смартфон тиімді емес. Осыдан кейін түс те қалыпқа келеді, — дейді маман.

Сомнологтың айтуынша, мұндайда дене практикасы да көп көмектеседі. Оның айтуынша, бұл әрекеттердің негізі — адамды босаңсыту, миды тазалау.

Массажға, моншаға бару, денені босаңсытуға көмектесетін май қосып ваннаға түсу және тағы басқа дене практикасы да — тиімді әдіс. Ұйықтар алдында денені қаншалық жақсы босаңсытсаңыз, ұйқы сапасы соншалық жақсы, түс саны соншалық аз болады. Сондықтан ұйқыға дайындалу өте маңызды. Ренжіп, ауырсынып тұрған халде жатып қалуға болмайды, — дейді сомнолог.

Адам не үшін бастырылып қалады?

Әлия Байдәулетова бастырылып қалу туралы да айтып берді.

Бастырылып қалу — адам ұйқыға енді кеткенде немесе оянар алдында болатын жағымсыз процесс. Мұндайда адам оянғандай бола тұра, есін біле тұра, денесін мүлдем қимылдата алмай қалады. Түс көріп жатқандай болады. Мұның себебі көп. Көбіне бұл мидың артқы бөлігі дұрыс жұмыс істемей тұрғаннан болады. Ол жер — бұлшықеттің іске қосылу орталығы. Дені сау адамның есі (сознание) мен дене бұлшықеті бірге іске қосылуы керек. Ұйқыдан оянғанда кім екенімізді, қайда екенімізді біліп тұратынымыз да содан. Бастырылып қалатын адамдарда осы механизм дұрыс істемейді. Олардың әуелі есі іске қосылып, бұлшықеті сәл кешігіп жүреді. Осы аздаған сәт адамға өте қорқынышты болып көрінеді: шайтан немесе әзәзіл құлағына бірдеңе сыбырлағандай болады. Үстінен, кеудесінен бір ауыр нәрсе басып тұрғандай болып, тыныс алуы қиындаған соң адам қорқады. Мұндай мәселемен көбіне емтихан тапсырып жүрген студенттер келеді. Олар, әрине, ұйқы режимін бұзып алған соң, осы халге түседі, — дейді ол.

Маман бұл мәселені шешу өте оңай дейді. Бұл үшін керегі тек — ұйқы режимін реттеу.

Бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруға дағдылану керек. Сонымен қатар мидың артқы бөлігі қысылып қалмай, түні бойы оттегі алып тұруы үшін жақсы ортопедиялық жастық сатып алу қажет, — дейді ол.

Ұйқы денсаулыққа қалай әсер етеді?

Дәрігер адамдарды ұйқы сапасына, көретін түсінің күнделікті өмірдегі эмоциялық халіне әсер етіп-етпейтініне мән беруге шақырды. Оның айтуынша, бұл сала ғылым ретінде де елімізде аса дами қоймаған.

Сомнология, ұйқы, түс көру саласы күні бүгінге дейін назардан тыс қалып келді. Медицина тұрғысынан алғанда, адам ұйқысыз өмір сүре алмайды. Орташа есеппен тәуліктің үштен бірі ұйқы халінде өтуі керек. Алдын ала қажет мөлшерде ауа жұтып ала алмайтынымыз сияқты, алдын ала ұйқымызды қандырып та ала алмаймыз. Үш рет тамақтануымыз керек сияқты, күннің бір бөлігінде ұйықтауымыз да шарт, — дейді ол.

Дәрігер кейінгі кездері нақты диагноз қойылмай жатқан, себебі айқындалмай жүрген көп аурудың себебін де адамдардың ұйқыға селқос қарағанымен байланыстырады.

Қазіргі заман адамдарының басты проблемасы — интернеттің, гаджеттердің пайда болғаны. Адамдар мұның бәрінің қызығын көру үшін басқаны емес, дәл ұйқысын құрбан ететін болды. Қазір себебі нақты айқындала қоймайтын ауру көбейді. Дәрігерлер арасында мұның себебі адамдардың ұйқысы бұзылғанынан деген болжам бар. Адам ұйықтап жатқанда, келесі күн үшін ағзасын дайындап, энергиясын толтырады, — дейді ол.

Дәрігер осы механизм бұзылса, онкология, паникалық шабуыл, қант диабеті, қан қысымы аурулары, күйзеліс және тағы басқа дерт пайда болуы мүмкін екенін айтты.

***

Тағы оқыңыз:

Сомнолог: Тынығып тұрамын десеңіз, ұйқыны қандырмай ояну керек