Президент: Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі

Мемлекет басшысы Италияға ресми сапары аясында Bonifiche Ferraresi компаниясының бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерико Веккьони Қазақстанның аграрлық секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

ҚР президенті еліміз бидай өсіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Италияға негізгі бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі, сонымен бірге ел ішінде астық өңдеу үлесін арттыруды жоспарлап отыр.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Федерико Веккьони компанияның Қазақстанда италиялық технологияларды пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сонымен бірге мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспары туралы айтты.

Мемлекет басшысы үкіметтің компанияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар италиялық компания интенсивті бау-бақша шаруашылығын және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.