жол-көлік оқиғасы, жол апаты, Vision Zero
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
2023 жылғы желтоқсан айы Алматыда үш адамның өмірін қиған және бірнеше адамды жарақаттаған автобус апатымен есте қалды. 2024 жыл басында да қайғылы жол-көлік апаты туралы хабар тарады. Павлодарда төрт жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап кетті. Сенатор Бибігүл Жексенбай Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жол-көлік оқиғасы бойынша бірінші орында тұрғанын мәлімдеді. Baribar.kz эксперттерге хабарласып, мұның себебін біліп, мәселені қалай шешуге болатынын сұрады.

Статистика деректері қандай?

Желтоқсан айының аяғында сенатор Бибігүл Жексенбай елде жыл сайын екі мыңға жуық адам жол-көлік апатынан қаза болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2023 жылы қаңтар-қараша айларында 11 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішке жеткен.

Құқықтық статистика комитетінің былтырғы статистикасы бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қараша аралығында 13 200 жол-көлік апаты тіркелген. Оның ішінде Алматы (3 195 дерек), Алматы облысы (1 148 дерек) және Жамбыл облысы (1 054 дерек) көш басында тұр.

жол-көлік оқиғасы, автобус апаты, көлік апаты
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/ Дереккөз: Құқықтық статистика комитеті

Былтырғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстанда жол-көлік апатынан 18 510 адам зардап шеккен. Жарақат алғандар саны — 16 300 адам, оның 3 700-ге жуығы кәмелет жасына толмаған. 8 400-ге тарта адам ауруханаға жатты.

жол-көлік оқиғасы, автобус апаты, көлік апаты
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/ Дереккөз: Құқықтық статистика комитеті

Қаза болғандар саны — 2 200 адам, оның ішінде 280-і — кәмелет жасына толмағандар.

жол-көлік оқиғасы, автобус апаты, көлік апаты
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/ Дереккөз: Құқықтық статистика комитеті

Жол-көлік оқиғаларының себебі не?

Автомобильдер, қоғамдық көлік, самокаттар, мопедтер мен қате жобаланған көшелер адам өміріне қауіп төндіреді. Заңда жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізушілерге қатысты бап та бар.

Жол-көлік оқиғаларын болдырмау, алдын алу мақсатындағы қатаң заң нормалары бар. Мысалы, мас күйде көлік жүргізуге болмайды. Жол апаты болып, адам денсаулығына орта, ауыр дәрежедегі зиян келтірсе, адам өліміне әкеп соқса, жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы арқылы жазаланады. Бас бостандығынан да айырылуы мүмкін, — дейді заңгер Альбина Бақтиярқызы.

заңгер, жол апаты
Альбина Бақтиярқызы

Заңгердің айтуынша, жол-көлік оқиғасын болдырмауға көлік жүргізушілері тікелей жауапты. Заңгер жүргізушілер жол ережесін білмегендіктен, апат көп болады деп есептейді.

Жол — қоғамға ортақ игілік. Бұл жерде балалар да, қарттар да бар. Жүргізушілер әуелі өзі үшін, содан кейін бүкіл қоғам үшін жауапкершілік сезінуі керек. Тура сол сияқты, жаяу жүргіншілер де жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Сондықтан жолды кез келген жерден кесіп өтуге, бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтпей, жолға шығып кетуге де болмайды, — дейді заңгер.

Q88 урбанистер қауымдастығының атқарушы директоры Мадияр Даурбаев мәселені шешуге заңның күші жетпейді дейді. Ол жол-көлік оқиғасының жауапкершілігін тек жүргізушіге жүктеп қою қате екенін айтады.

Мадияр Даурбаев. Фото: Q88.kz

Құқықтық комитеттің 2022 жылғы статистикасы бойынша, жол-көлік оқиғаларының 87%-і жүргізуші кінәсінен болған. Әдетте апат жүргізуші жылдамдықты асырып айдағаннан, жаяу жүргінші жолағынан өту ережесін бұзғаннан, жол белгілерінде көрсетілген талаптарға бағынбағаннан болады. Кейде озып айдағаннан, көлікті мас болып айдағаннан болады. Бірақ әуелі инфрақұрылымдардың жол-көлік апатының алдын алуға қаншалық ыңғайлы екенін де ескеру керек. Қазақстандағы жолдар жүргізуші жол ережесін бұзып, көлік апатына ұшырай беретін етіп жасалған, — дейді ол.

Қандай жаза қарастырылған?

Заңгер Альбина Бақтиярқызының айтуынша, жол-көлік оқиғасына қатысты жүргізушілерге қолданылатын бірнеше жаза бар. Жолдың қарсы бетіне шығып кетсе, жүргізуші куәлігінен алты айға айырылады. Бағдаршамның қызыл түсіне өтсе немесе жолды реттеуші маманның ым-шарасына қарсы жүріп кетсе, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде осы ережені қайта бұзса, 15 АЕК (55 380 теңге) айыппұл салынады. Жол-көлік оқиғасынан адам денсаулығына жеңіл зақым келсе, жүргізушіге 40 АЕК (147 680 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе жүргізуші куәлігінен тоғыз айға айырылады.

Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 594-бабы бойынша да жаза көзделген. Көлік құралдарының көлденең бағыттағы жол жүрісіне кедергі келтіруге (кептеліске) әкеп соққан жағдайда ескерту жасалады немесе 3 АЕК (11 706 теңге) айыппұл салынады. Осының бәрі көлік қозғалысын қиындатады, — дейді заңгер.

Vision Zero тұжырымы мәселені қалай шешеді?

Мадияр Даурбаев мәселені шешуге Vision Zero тұжырымы көмектесе алады дейді. Бұл бағдарлама жол-көлік оқиғасына тек жүргізуші емес, жолды жобалаушы да жауапты деген ойды алға тартады. Тұжырымның мақсаты — қала көшелеріндегі өлім саны мен жарақат алу ықтималын азайту. Бұған қоса Vision Zero шаралары қала тіршілігін мүгедектігі бар адамдар мен қарттар сияқты көп қозғала бермейтін азаматтар үшін де жайлырақ етеді. 

2019 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлердің қауіпсіздігі үшін осы тұжырымды қабылдады. Кейінгі жылдары урбанистика саласындағы эксперттер жол апатынан болатын өлім санын қысқарту үшін де осы тұжырымды қолға алуды ұсынып жүр. Мадияр Даурбаевтың айтуынша, бұл тұжырым жол-көлік оқиғасы санын едәуір азайтады.

Жол-көлік апатының санын, өлім санын азайту үшін әлі тұрмыстық деңгейде шешім қабылдауға тырысып жүрміз. Мәселені заңды қатаңдатумен, асфальтті жамап, қайта төсеумен шешеміз деп ойлаймыз. Ең дұрысы — инфрақұрылымды жөндеу, — дейді ол.

Эксперт тұжырым аясында нақты қандай өзгеріс енуі мүмкін екенін түсіндіріп берді. Қолданылған шаралар қала көшелерінде жүргізушілерге жылдамдықты асырып айдауға мүмкіндік бермейді.

Vision Zero аясында жолаушы жолағынан кемі алты метр қашықтыққа стоп-сызық белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар қаладағы барлық қиылысқа бағдаршам орнату керек. Жаяу жүргінші өткелдерін орнату ұсынылады. Көлік ағынынан қоршап тұратын өткел жай сызық күйінде емес, физикалық құрылыс ретінде жасалуы керек. Сонда жүргізушілердің жаяуларды көрмей қалу ықтималдығы азаяды, — дейді ол.

Сонымен қатар осы өткелдің арқасында көше қиылысындағы бұрылыс радиусы кішірейіп, жүргізушінің жылдамдықты төмендетуіне тура келеді. Осылай, бұрылыста жүргізушілер қиын әрі қауіпті маневр жасамайтын болады.

Vision Zero тұжырымы бойынша тәуелсіз эксперт Азиза Таласпаева осы тұжырымның арқасында Қазақстандағы өлім көрсеткіші азаятынына сенеді. 2021 жылғы дерек бойынша, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы өлімнің басты себебі жол-көлік оқиғалары болған.

жол-көлік оқиғасы, жол апаты, Vision Zero
Азиза Таласпаева. Фото жеке архивінен

Біздің елімізде жол-көлік оқиғаларының көп болғаны сонша, адам көлік апатынан өлсе, тағдыр деп, жеңіл жауып қоя салатын болдық. Олай болмауы керек. Дәл осы себептен Қазақстанда Vision Zero тұжырымын мықтап қолға алу қажет. Бұл тұжырым бойынша, жол-көлік қозғалысына қатысушылардың бәрінің өз рөлі, аумағы болады. Автокөлік жүргізішулерінің, мопед айдайтындардың және жаяу жүргіншілердің әрқайсының жылдамдығы әртүрлі. Қозғалыс траекториясы да басқаша. Сондықтан әр санатқа бөлек жол болуы керек, — дейді эксперт.

Ол қала құрылысы қате жоспарланғанына қатысты екі мысал көрсетті.

Астана, Қабанбай батыр көшесі, 2023 жыл. Фото: Искандер Салиходжаев

Астанадағы Қабанбай батыр көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ, жол жиектелмеген. Сондықтан көліктің жол жиегіне шығып кетпесіне, апат болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, — дейді Азиза Таласпаева.

Қарағанды, 2023 жыл. Фото: Азиза Таласпаева

Мына фото Қарағандығы Вагонная көшесінде түсірілген. Өндіріс кәсіпорнының алдыңғы бақшасының шынжырлы қоршауы жаяу жүргіншілер жолын жауып тастаған. Сондықтан оқушы мектептен көлік жолы бойымен қайтып бара жатыр. Бұл жолмен түрлі жүк көлігі жүреді. Мұндай көлік жүргізушісіне екі жағын, төмендегі адамдарды көру қиын. Қала құрылысының жобасы қате болған соң, мұндай жолдарда да жол-көлік оқиғасы жиі болады, — дейді эксперт.

Азиза Таласпаева Vision Zero тұжырымы бүкіл елдің жолдарына жарайтын бір стандарт бекітуді мақсат етпейтінін ескертті. Бұл — жекелеген жағдайларға қарай жолды барынша ыңғайлы етуге бағытталған тұжырым.

Мысалы, үлкен, кең трассаларға бағдаршам қойғанда жаяу жүргінші жолағын да қою керек. Жолақты ақ үзік сызықпен қоршау керек. Бұл сызық — жаяу жүргінші жолағы бағдаршамға бағынады деген сөз. Алайда ауыл-аймақтағы жол қозғалысын реттеуге бұл әдіс жарамайды. Ауылдағы тар көшелерге жаяу жүргінші жолағы да жетуі мүмкін. Тура сол сияқты жылдамдықты бекіткенде де тек жолдың кеңдігіне, асфальттің жақсы болғанына қарауға болмайды. Көше бойында мектеп, балабақша бар болса, жол қанша жерден кең болса да, аз жылдамдықты бекіту керек, — дейді ол.

Эксперттердің осы тұжырымды ұсынып отырғаны бекер емес. Vision Zero тұжырымы алғаш рет мемлекеттік деңгейде 1997 жылы Швецияда қабылданды. Басында елдің экономистері бұл тұжырымға қатысты кері пікір айтып, өлім санын нөлге теңестіру мүмкін емес деп сынаған. 1997 жылғы көрсеткіш бойынша, елде жол-көлік оқиғасынан қайтыс болатындар 100 адамға шаққанда жеті адам болды. Ал Vision Zero тұжырымы қабылданғаннан кейін 2010 жылы бұл көрсеткіш 2,5-3 адамға дейін азайған.

Беларусь елінің Минск қаласындағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту тәжірибесін сәтті шыққан кейс ретінде атауға болады. 2011 жылы Минскіде «Добрая дорога» бағдарламасы қабылданды. Бұл да — Vision Zerо тұжырымына негізделген жоба. Қазіргі есеп бойынша қалада жол-көлік апатынан қайтыс болатын адам саны 4,5 есеге азайған.

Қазақстан үкіметі не істеп жатыр?

Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері тақырыбында өткен үкімет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев кейінгі атқарылған істер туралы баяндады. Қазақстанда көліктердің қарама-қарсы соғысуын болдырмау үшін республикалық маңызы бар үш мың шақырым жол I техникалық санатқа ауыстырылып, бөлу жолақтары мен тосқауылдары орнатылған.

Қозғалыс қарқынына қарамастан, қалалар арасында төрт жолақты төрт мың шақырымнан асатын республикалық автожол салу жоспарланған. Бұл — «Жезқазған-Қарағанды», «Атырау-Орал», «Ақтөбе-Қызылорда жолдары, – деді Талғат Ластаев.

Кейінгі жылдары республика автожолдарының апаттық-қауіпті учаскелерінде бес мың шаршы метрден астам шу жолақтары, 450-ге жуық жарықдиодты белгі және кедергілерге соғылудан қорғайтын 500 жол буфері орнатылған.

Жануарлар да қатысатын көлік апаттарын азайту үшін 1,5 мың шақырымға жуық қоршау орнатылған. Жаяу жүргіншілерді елдімекендер маңындағы соққыдан қорғау үшін 52 айналма жол ашылып, жаяу жүргіншілерге арналған 32 жерүсті көпірі салынған.

Бұған қоса Қазақстанда жол-көлік оқиғаларын талдаумен айналысатын ведомствоаралық топ құру жоспарланған. Сараптамалық топ құрамына бас көлік прокуратурасының аумақтық бөлімшелерінің, ІІМ, ТЖМ, «Қазавтожол» АҚ филиалдарының және басқа да уәкілетті ұйымдардың өкілдері қосылуы мүмкін. Әзірге бұл топ нақты қай бағытта жұмыс істейтіні туралы дерек жоқ.

Baribar.kz rөлік министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство жол-көлік апатынан болатын өлім санын қысқартуға қатысты не істеп жатқанын жазған. Министрлік техникалық байқау операторларына салынатын айыппұл мөлшерін көбейту бойынша заңға өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізгенде ақауы бар, жарамсыз көліктердің қолданыста жүруіне жол беріледі. Бұл да жол-көлік оқиғаларынының болуына әсер етеді, — делінген хабарламада.

Осыған байланысты министрлікте техникалық қарап тексеру операторларына қатысты айыппұлды 10-нан 100 АЕК-ке (369 200 тг.) дейін ұлғайту қарастырылып жатыр. Алайда министрлік бұл өзгеріс заңға қашан енетінін хабарламады.

***

Тағы оқыңыз:

Төтенше жағдайда адамдар неге жалған ақпарат таратуға әуес?