Павлодар облысында автобус жер астына құлап кетті: екі адамның денесі табылды

Павлодар облысы Майқайың кен орнының аумағында жұмысшылар мінген автобус шұңқырға құлап, адамдар қаза болды. Екі адамның денесі табылды.

Бұл туралы кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы хабарлады.

Қазіргі уақытта құтқару операциясы әлі де жалғасып жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының күшімен қаза болған екі әріптесіміздің денесі құм астынан табылғанын өкінішпен хабарлаймыз. Оларды жер бетіне көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Автобус табылған жоқ, іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, — делінген хабарламада.

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының ұжымы қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады.

Бұл қайғылы оқиға бәріміз үшін үлкен соққы және орны толмас шығын болды. Біздің мекеме қаза болғандардың отбасыларына барлық қажет қолдауды көрсетеді, зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды, — деп мәлімдеді штаб.

Айта кетейік, Павлодар облысында адамдар мінген автобус жер астына құлап кетті. Апат кезінде автобуста төрт адам болған. Олар – апаттық-құтқару қызметі облыстық филиалының үш құтқарушысы мен бір жүргізуші.