Қазақстандықтар денсаулыққа қанша қаражат жұмсайды?

Қазақстанда адамдардың денсаулыққа жұмсайтын қалта шығындары 31,1%. Бұл туралы парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

Дамыған елдерде, соның ішінде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде денсаулық сақтаудың қазіргі шығындары жалпы ішкі өнімнің шамамен 10,2% болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы экономикасы дамушы елдерде медицина жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жалпы ішкі өнімнің 5%-тен 8%-ке дейінгі көлемін жұмсауды ұсынды, — деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде денсаулық сақтауға арналған қалта шығындары жалпы шығындардың орта есеппен 16,9% болды.

Ал Қазақстанда оның көлемі 31,1% шамасында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша бұл көрсеткіш 20%-тен аспауға тиіс. Әлем елдердегі жарналар мен аударымдар да түрлі деңгейде. Бұл тұрғыда біздегі жарналар ең төмен саналады, яғни 5% (жұмыс берушінің 3% және қызметкердің табысының 2%, мемлекет 2-3% болады), — деді министр.