Жаз маусымында қалада электросамокатпен жүретіндер көбейді. Электросамокатты жалға алған дұрыс па, әлде сатып алған жөн бе? Салыстырып көрейік.

Baribar.kz журналисі Аяулым Жақсылық Алматының ұзын-сонар кептелісінен мезі болған, сол себепті бірнеше жылдан бері жаз-күз маусымында діттеген жеріне электросамокатпен барып жүр. Өзінің айтуына қарағанда, бұл транспорт түрі ыңғайлы әрі тиімді.

Такси қымбат, автобуста адам көп. Қоғамдық көлікте кейде ауа жетпей, қысылып кетесің. Жайсыз болған соң ішіндегі адамдар да ашулы болып жатады. Бір сөзбен айтқанда, таң атпастан көңіл-күйің түседі. Метромен барып-келу ыңғайлы, бірақ онымен барлық жерге жете алмайсың. Сол себепті досым екеуіміз бірге самокат айдауды үйреніп алдық. Самокатпен жүру ыңғайлы. Оған қоса бетіңе самал жел ұрып тұрады, — дейді Аяулым.

Аяулым Жақсылық. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar,kz

Аяулым самокатты көбіне үш бағытқа қолданады: үй, жұмыс орны және жаттығу залы. Өзінің жеке самокаты жоқ, сол себепті қаладағы екі жүйенің электросамокатын жалға алып айдайды. Біреуі минутына 39 теңге, екіншісі 55 теңге алады.

Таңертең халықтың бәрі жұмысқа барады, кептелісте тұрып қалмас үшін үйімнен Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында орналасқан офисіме самокатпен барамын. Қауіпсіздік үшін асықпай айдаймын. Шамамен 30 минутта жетемін. Жұмыстан соң Төле би мен Байтұрсынов көшесі қиылысындағы жаттығу залына да самокат арқылы қатынаймын. Мысалы, өткенде сол жерге 27 минутта жеттім, 1 153 теңгем кетті, — деді ол.

Жалға электросамокат беретін жүйе қолданбасының скрині

Ол электросамокатты биыл мамырдан бастап қайта айдап жүр. Ауа райына орай, шамамен қыркүйекке дейін айдайды. Аяулыммен бірге оның электросамокатқа жұмсайтын бес айдағы шығынын есептеп көрдік. Демалыс күндерін көбіне үйде өткізетінін, оған қоса кейде басқа транспортпен немесе жаяу жүретінін ескеріп, самокатты айына шамамен 20 күн қолданады деп есептедік. Мынадай сома шықты:

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Аяулым бес айда 234 000 — 330 000 теңге аралығында қаражат жұмсайтынын білгенде таңғалды. Ақшаны күнде аз-аздан жұмсаған соң байқамайтынын айтады.

Күніне 500 теңге, 1000 теңге, 1 500 теңге кеткен соң, қалтаға салмақ түспейді, — дейді ол.

Электросамокаттың артықшылығы мен кемшілігі

Аяулымның айтуынша, жалға алсаң да, сатып алсаң да, электросамокатпен қатынау ыңғайлы. Біріншіден, кептелісте тұрып, шаршамайсың. Екіншіден, ауыр сөмке арқалап жүргенде электросамокатпен қозғалған жеңілірек. Үшіншіден, қалаған жеріңе тез жетесің. Төртіншіден, бұл транспорт түрімен серуендеуге де болады.

Кез келген заттың артықшылығымен қатар кем тұсы да бар. Мысалы, жалға беретін электросамокаттың кейбірі ескі. Бірінің қоңырауы істемейді, бірінің орта жолда қуаты бітіп қалады, енді бірінің ұялы телефонға арналған орны болмай шығады. Оған қоса электросамокатты кез келген жерде тастап кетуге болмайды. Рұқсат етілген жерге апару керек. Аса қиын шаруа емес, бірақ сәл уақыт алады. Ұялы телефоның өшіп қалса, көшедегі электросамокатты ала алмайсың, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar,kz

Дегенмен жеке электросамокатың болса, оның сапасы мен өз қауіпсіздігіңе әлдеқайда сенімді боласың. Бұл транспорт кез келген уақытта, кез келген жерде жаныңда болады. Бір рет сатып алып, бірнеше жыл ұзағынан қолданасың.

Жеке самокатты қоятын жер табу немесе пәтерге кіргізу сәл қиындау. Бірақ шығының әлдеқайда азаяды. Оған қоса қазір қалада көлік көп. Одан шығатын улы газ қаланы ластап жатыр. Электросамокат қолдансақ, қоршаған ортаны, экологияны жақсартуға сәл болса да үлес қосамыз, — дейді Аяулым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен жалға алған дұрыс па, әлде сатып алған ба?

Аяулымның айтуынша, адам көбіне көлікпен не жаяу жүруді құп көрсе, электросамокатты анда-санда немесе серуендеу үшін ғана қолданса, оны жалға алғаны жөн. Ал қала ішінде күнделікті ары-бері қатынағысы келсе, сатып алғаны дұрыс.

Мысалы, жеткізу қызметінде істейтіндер, діттеген жеріне күнде самокатпен баратындар сатып алғаны дұрыс деп ойлаймын, — дейді ол.