Биыл әскери жиындарға шақырылатын азаматтар саны 2 есе артты

2024 жылы бір айлық әскери жиындарға 3 000 адам шақырылады. Квота саны былтырғымен салыстырғанда екі есе көп.

Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, әскери жиынға шақырушылардың лауазымы, жұмыс орны мен жалақысы сақталады. Ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Әскери міндеттілерді транспортпен қамтамасыз ету қорғаныс министрлігі есебінен жүргізіледі.

Әскери жиын 2007 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Жиын әскери бөлімшелердің оқу-әскери жаттығуын көтеру және әскери оқытылған запастағы адамдарды көбейту мақсатында қолға алынды. Шақыртылғандар әскери қызметке машықтанады.

Арнаулы жиынға:

  • қорғаныс, құқық қорғау, қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер,
  • мемлекеттік және азаматтық авиация қызметкерлері,
  • көктемгі егіс және күзгі жиын-терім кезіне ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер,
  • оқу жылында білім беру мекемелерінің педагог мамандары,
  • білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқып жүрген азаматтар,
  • әскери міндетті әйелдер,
  • 18 жасқа дейінгі үш баласы бар азаматтар,
  • тергеудегі немесе процессуалдық іске тартылған азаматтар,
  • жергілікті атқарушы органдардың депутаттары шақырылмайды.