Мазмұнға өту
Басты бет / Қоғам /

Биыл 15 миллион шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ке артық.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы республика бойынша 134 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 32 мыңнан астамы – жеке тұрғын үйлер.

Үкіметтің хабарлауынша, құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 триллион теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6%-ке артық.

Құрылыс материалдарының отандық өндірісін ұлғайту саланы дамытуда маңызды саналады. Осы орайда 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол құрылыс индустриясы саласындағы жалпы құны 1,8 триллион теңгеге жуық 270 жобаны қамтиды, – делінген хабарламада.

Биыл 73 миллиард теңгеге 41 жоба іске қосылды. Олардың ішінде Қарағанды облысында бірінші сұрыптағы әк және Астанада асфальт бетонын өндіретін зауыттар бар. Сонымен қатар Абай облысында цемент зауыты қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Жетісу облысында қыш тақтайша өндірісі кеңейтілді. Астанада шатыр және қаптайтын материалдарды шығару жолға қойылған.

Жақын арада Шымкентте 2 миллиард теңге сомасына тағы үш жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жалпы республикада құрылыс материалдарының өндірісі 10,2%-ке 1,03 триллион теңгеге дейін өсті. Бұл ретте жалпы көрсеткіште құрылыс материалдары сатып алынған отандық тауар өндірушілердің үлесі 62-ден 66%-ке дейін ұлғайды, бұл олардың ішкі нарықтағы позицияларының нығайғанын білдіреді, — делінген үкімет хабарламасында.

Кезекте тұрғандарды қолжетімді әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында биыл 10,9 мың жалдамалы пәтер сатып алуға 104 миллиард теңгеден астам, сонымен қатар несиеге берілетін 12,5 мың тұрғын үй салуға және сатуға 158 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.