Мемлекет басшысының Ресейге екі күндік жұмыс сапары қалай өтті?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына екі күндік жұмыс сапары аяқталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы 25 желтоқсан күні Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Санкт-Петербург қаласына барды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) отырысы өтетін Б.Н.Ельцин атындағы президенттік кітапханада Қасым-Жомарт Тоқаевты РФ басшысы В.Путин қарсы алды.

ҚР президенті  Ресей президенті – ЖЕЭК төрағасы Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен бірге ЖЕЭК-тің шағын құрамдағы отырысына қатысты.

Кейін мемлекет басшысы ЖЕЭК-тің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысып, осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті. Сонымен бірге мемлекет басшысы Ресейдің ұйымға төрағалығы табысты аяқталуымен Владимир Путинді құттықтады. Сонымен қатар Никол Пашинянға Арменияның 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына нәтижелі төрағалық етуіне тілектестік білдірді.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Жиын барысында ТМД елдерінің көшбасшылары ұйым қызметінің басым бағыттарын, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сонымен бірге ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында, сонымен қатар Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы мәдени нысандарды аралап көрді.