ХҚКО жұмысы түн ортасына дейін ұзартылуы мүмкін

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов әлеуметтік желіде осындай бастама көтерді.

«Мемлекеттік қызметтерді алу процедурасын оңайлатуға қатысты тағы бір ой келіп отыр. Сіздердің пікірлеріңізді білгім келеді. Жұмыстағы адамдар үшін ХҚКО-ға баруға уақыт табу қандай қиын екенін баршамыз білеміз. Ал, анықтамалар мен құжаттарға деген қажеттілік үнемі туындап тұрады. Әрине, бұның e-gov.kz электрондық үкіметін пайдаланатындарға қатысы аз, олар қызметтің көбін онлайн алады. Алайда, көпшілік үшін бұл мәселе өзекті деп ойлаймын. Дәл осындай жұмыстағы адамдар үшін астаналық ХҚКО-лардың бірінің жұмыс кестесін түн ортасына дейін ұзартуды ойлап отырмыз. Жұртшылықтың мемлекеттік қызметтерді жұмыстан кейін келіп алуына мүмкіндік беру қажет», — деп жазды ол Фейсбуктегі жеке парақшасында.

А.Оспановтың айтуынша, бұл тек «Азаматтарға арналған үкімет» көрсететін қызметтерге қатысты болмақ. Ал, құжаттандыру мен тіркеу бойынша қызметтер бұрынғы тәртіппен көрсетіле бермек.

«Егер қанатқақты жоба сәтті шықса, мұны басқа қалаларда да қолданатын боламыз. Осы идеяға қалай қарайсыздар?», — дейді А. Оспанов.

ДереккөзBaq.kz