Алматыда 980 орындық студенттік жатақхана ашылды

Алматыда 980 орындық студенттік жатақхана ашылды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

980 орындық жатақхана екі тұрғын үй ғимаратынан және 198 орындық трибунасы бар ойын залы бар спорт кешенінен тұрады. ҚБТУ-дың жаңа жатақханасы жиһазбен толық жабдықталған заманауи коворкиң орталығына ұқсайды. Нысан жайлы тұру, спортпен шұғылдану және студенттердің пайдалы бос уақытын өткізу үшін барлық заманауи талаптарға жауап береді, — делінген хабарламада. 

Әкімдіктің мәліметінше, спорт кешенінде күрес, баскетбол, футбол бойынша сабақтар өткізіледі. Спорт залы, жоғары жылдамдықты wi-fi бар.

Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасы бойынша Алматы қаласында жатақхана тапшылығы мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алматы қаласын дамыту бағдарламасы аясында 2025 жылдың соңына дейін қала әкімдігі 12 мың орындық, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың орындық жатақхана салу жоспарлаған, бұл жатақхана тапшылығы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді, — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев. 

Оның айтуынша, биыл 3 969 орынға арналған 14 нысан пайдалануға берілді. Осылайша, биылғы жылға жоспарланған көрсеткіш екі есеге жуық орындалды, ал жатақхана тапшылығы 28,7 мың орынға дейін қысқарды. 

Биыл жастардың жайлы өмір сүруі үшін барлық талапқа сай келетін екі жаңа студенттік жатақхана ашамыз. Ғимараттардың ауданы 14 мың шаршы метрден асады. Осылайша, орындардың жалпы қажеттілігін жабамыз. ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігіне жаңа жатақханалардың құрылысына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді, — деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Ғабдуллин. 

Айта кетейік, Алматыда барлығы 35 жоғары оқу орны бар, онда 199 мыңнан астам студент оқиды, оның 62%-тен астамы немесе 124 мыңы өзге өңірден келгендер. Оқу жылының басында қалада 32 мың студент тұратын ЖОО жанындағы 95 жатақхана жұмыс істеді. Жатақханалардың тапшылығы 32,7 мың орын.