Елімізде 17,5 мың жатақхана орны жетіспейді

Елімізде 17,5 мың жатақхана орны жетіспейді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Жалпы, 30 қарашадағы дерек бойынша елімізде 17,5 мың орын жетіспейді. Ең үлкен қажеттілік Алматыда шамамен – 8 мың, Астанада – 6,5 мыңға жуық, Солтүстік Қазақстан облысында – 2,5 мың орын. Түркістан мен Ақмола облысында да тапшылық бар. Қалған 14 өңірде бәрі дұрыс және шешілген. Сондықтан қазіргі уақытта негізгі назарды Астана мен Алматы қалаларына аударып отырмыз. Салынып жатқан, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 10,3 мың орындық 43 жатақхананың 30-ы сол қалаларда, — деді министр үкімет отырысынан кейінгі брифиңде.

Оның айтуынша, келесі жылы тағы 12 мыңға жуық жатақхана орны пайдалануға беріледі.

Біз тапшылықты жоюды жоспарлап отырмыз. Бірақ, барлық уақытта да жетіспеушілік болады. Өйткені, бұл бір сәттік проблема емес және студенттер саны артып келеді. Құрылысты тоқтатпауымыз қажет. Себебі, егер демогрфиялық өсім жалғасса, онда қазір бізде 620 мың студент болса, 2030 жылға қарай олардың саны 1 миллионға жетеді, — деді Саясат Нұрбек.