Магистратура бойынша білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды

Магистратура бойынша білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды. Мемлекеттік гранттар Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия құрамында министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР ұлттық кәсiпкерлер палатасы және қоғамдық ұйым өкілдері болды.

Білім беру гранттары кешенді тестілеу (КТ) нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалды.

Магистратура бойынша білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 75 балдан, бейіндік бағыт бойынша 50 балдан жоғары жинаған оқуға түсушілер қатысты. Жалпы конкурсқа 1 677 адам қатысты.

Болашақ магистранттардың ЖЖОКБҰ-на қабылдау 2023 жылғы 26 желтоқсан мен 2024 жылғы 10 қаңтар аралығында жүргізіледі.

Грант иегерлерінің тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.