Қазақстанда ЖЭО-ларда көмір қоры жеткілікті ме?

Энергетика министрлігі өңірлердегі жылыту кезеңінің өту барысына мониториң жүргізеді. Бұл мәселе үкіметтің қатаң бақылауында.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Кейінгі тәулікте кейбір облыстардағы жылумен жабдықтау объектілерінде технологиялық бұзушылықтар тіркелді. ЖЭО-дағы бұзушылықтарды жою үшін барлық қажет материал, сонымен қатар персонал толық көлемде бар.

Қазір Жезқазған жылу электр орталығы мен Кентау жылу электр орталығында резервтік қазандықтар бір күн бұрын іске қосылды. Ал Риддер ЖЭО-да температура бекітілген кестеден төмендеуі тіркелген жоқ. Жалпы, республика бойынша электр станцияларында сегіз энергоблок, 43 қазандық және осындай 43 турбинаға жөндеу жасалды. Көмір қоры – 4,9 миллион тонна. Бұл өткен жылғы деңгейден 67%-ке артық. 108 мың тонна мазут жиналды. Барлық ЖЭО-да отынның нормативтік қоры бар, — делінген хабарламада.

Энергетика министрлігі 2023 жылғы 1 маусымнан бастап электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифті түзетуді жүргізді. Бұл шара электр станцияларын жөндеуге 146,5 миллиард теңге көлемінде қаржы көлемін тартуға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде жекелеген жылу көздерін жылыту маусымына дайындау үшін ҚР үкіметінің резервінен Риддер және Екібастұз қалаларының ЖЭО, Ақтау қаласының энергия көздері үшін күрделі жөндеу, реконструкциялау және қажет жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Көкшетау қаласының қазандығын жөндеуге 21,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл барлық негізгі жабдықтарды күрделі жөндеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Кентау қаласының ЖЭО жөндеуге облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінді, — делінген хабарламада.