Санк-Петербург метросындағы жарылысты ұйымдастырған адам белгілі болды

«Жарылысты 1995 жылы туған Акбаржон Джалилов ұйымдастырған. Мамандар «Площадь Восстания» метро станциясындағы жарылғыш зат салынған сөмкеден оның генетикалық ізін тапты. Осылайша бейнебақылау камералары мен сараптама нәтижелеріне сүйене отырып, «Площадь Восстания» станциясында жарылғыш зат қалдырып кеткен қаскөй вагондағы лаңкестікті ұйымдастырды деп айта аламыз», – дейді Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко. 

Ол Қырғызстанның Ош қаласында туған. Ұлты-өзбек. 22 жастағы жігіт Ресей азаматтығын алған. Петербордағы суши-барда даяшы болып істепті. Бірақ соңғы кездері жұмысты қойып, жұрт көзінен тасада жүрген екен.

Айта кетейік, метродағы жойқын жарылыстан 14 адам көз жұмды. Оның 11-і оқиға орнында қаза тапса, үшеуі ауруханада жан тапсырды.

Қазір Петерборда қаралы күн жарияланған. Ал жарылыстан аман қалғандарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.

ДереккөзKtk.kz