Арнайы әлеуметтік төлемдерге қатысты заң президентке қол қоюға жіберілді

Сенат зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлем беру туралы заңды мақұлдады.

Заң бойынша, арнайы төлемді еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін азаматтар 55 жасқа толғанда, жұмысынан кеткенде немесе басқа жеңіл қызметке ауысқан кезде алады. Бірақ кемінде жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы төленуі шарт.

Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше жерден төленеді. Олар:

  • бюджеттен екі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен бір ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
  • сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша бір ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
  • бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемі.

Арнайы әлеуметтік төлем зейнет жасына толғанға дейін беріледі. Сонымен қатар осы санатқа кіретін адамдарда 55 және 63 жас аралығында міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинағын алу уақытын өз бетінше айқындау құқығы болады.

Ал еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша бірнеше норма ұсынылды. Олар:

  • сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйақысы сомасының 6%-не дейін шегінде оңалту шараларына арналған шығыстарды өтеу;
  • сақтандыру ұйымдарының зардап шеккен қызметкерді санаторий-курорттық емдеуді 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеу;
  • жазатайым оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеу (сақтандыру төлемі) мөлшерін айқындау кезінде қызметкердің кінәсін болдырмау.

Бүгін сенаторлар осы заңды бірден екі оқылымда мақұлдады. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.