БҚО-да Тәуелсіздік күніне орай медициналық нысан ашылды

Тәуелсіздік күніне орай Батыс Қазақстан облысында медициналық нысан ашылды. Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлады.

Президент тапсырмасы бойынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан облысында 50 медициналық нысан салу жоспарланған. Бүгінгі күні биылға жоспарланған 12 нысанның алтауы халық игілігіне берілді. Қалған алты нысан жыл соңына дейін беріледі.

Бүгін, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысуымен алтыншы нысанның ашылу салтанаты өтті. Бұл нысанды салуға республикалық бюджеттен 374 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Құрылыс мерзімі төрт ай болса да, “Фирма ИСКОМ” ЖШС мердігер компаниясы белгіленген мерзімнен ерте аяқтады. Аталған дәрігерлік амбулатория күніне 35 адам қабылдай алады, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған, ауыл тұрғындар арасында 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Дәргерлік амбулатория емдеу-профилактикалық объектісі, ішінде жалпы дәрігерлік-профилактилық дәрігер кабинеті, процедуралық, физиотерапевттік, тіс емдейтін кабинеттер, акушер-гинекологкабинеті, зертханалар мен дәріхана, сонымен қатар дені сау баланың кабинеті  және тағы да басқа қарастырылған.

Фото: БҚО әкімдігі

Жалпы биыл облысымызда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 92 миллиард теңге қарастырылды. Биыл 5,5 миллиард теңгеге медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 204 бірлік медициналық жабдық алынды. Сонымен бірге облыста  медициналық ұйымдарға жергілікті бюджет есебінен 1,7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 81 жедел жәрдем  автокөлігі сатып алынды.

Жалпы сомасы 1 миллиард 733 миллион теңгеге жуық қаржыға 22 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның ішінде «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында алты нысан бар. 18 нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды.

Өңір басшысы ауыл тұрғындарын ел дамуына, өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа нысанның ашылуымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Фото: БҚО әкімдігі