«Өндірістік кооператив құру шаруаларға тиімді»: БҚО әкімі Бөкей Ордасы ауданының тұрғындарымен кездесті

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Бөкей Ордасы ауданына іссапармен барып, халықпен кездесті. Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлады.

Алдымен Хан Ордасы ауылындағы спорт залына ат басын тіреп, жас спортшылардың жаттығуына зер салды. Бұл ғимаратта 100-ден астам бала шынығып жүр. Олар бокс, күрес, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ және футбол секцияларына қатысады. Жасөспірімдердің жетістігі аз емес. Облыстық, республикалық додаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Армат Меңдешов жас спортшылардың қабілеті асып-тасып тұрғанымен, олардың жаттығуына айтарлықтай қолайлы жағдай жоқ екенін жеткізді.

Қазіргі ғимарат 2013 жылы жөнделіп, бізге берілген еді. Алайда тарлық етіп тұр. Сондықтан осы ауылға денешынықтыру-сауықтыру кешені салынғанын қалаймыз, — дейді ол.

Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі бұл ауылға 2025 жылы спорт кешені салынатынын айтты. Кейін аймақ басшысы «Рауан» шаруа қожалығында болып, фермерлердің жағдайын зерделеді. Сонымен қатар шаруаларды заман талабына сай кооперативтерге бірігіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға үндеді.

Шетелде ет өндірісімен айналысатын компанияның жұмысын көзбен көрдім. Ол жерде де өндірістік кооператив құрылған екен. Мысалы, басты компания ет өңдеумен ғана айналысса, қалған қосалқы агроқұрылымдар тері өңдеу және қалдықтан минералды тыңайтқыш түрлерін дайындауға жауапты. Ал өзге бір компания малдың сүйектерінен ұнтақ шығарады. Демек, ешқандай қалдықсыз өндіріс деуге болады. Әрине, мұндай жетістікке санаулы күнде жетеміз деп айту қиын. Десе де заман бірігіп жұмыс істеуді талап етіп тұр. Жергілікті қожалықтар мұнда ет өңдеу комбинатын ашса болады. Кейін тері өңдейтін зауытты да ашуға мүмкіндік туады. Сол кезде қазіргідей малдың етін келісіне 2 мың теңгеге сатумен шектеліп қалмай, одан да көп табысқа қол жеткізуге болар еді, — деді Нариман Төреғалиев. 

Сапар барысында облыс әкімі Хан Ордасы, Бисен және Сайқын ауылдық округтеріндегі медициналық мекемелерге санитарлық қызмет көлігін табыстады. Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына тиесілі автокөліктердің 78%-і тозған. Жыл соңына дейін 81 темір тұлпар сатып алынады. Басым бағыт ауылдық жерлердегі емдеу орындарына беріліп отыр.

Бұдан соң аймақ басшысы Хан Ордасы ауылындағы мәдениет үйінді тұрғындармен кездесті. Жиында жұртшылық бірқатар әлеуметтік түйткілдерді сөз етті.

камаз, трактор
Фото: БҚО әкімдігі

Қазіргі таңда біздің ауданнан Жәнібек, Жаңақала аудандарына ауызсу беріліп жатыр. Сонымен қатар кейінгі кездері Қазталов ауданына да бізден су құбыры тартылады деген ақпарат тарап жатыр. Бүйте берсе, бара-бара су мәселесі өзіміздің ауданда күрделі болып кетпей ме? – деп сұрады аудан тұрғыны Тілеген Арыстанбеков.

Иә, сіздегі ақпарат рас. Бүгінде Бөкей Ордасынан Қазталов ауданына су тарту жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыру алдында бірқатар зерттеу жұмысы жүргізілді. Енді «Искра» жерасты су көзінен Қазталов ауданының кей ауылдық округіне тіршілік нәрін жіберу туралы ұйғарымға келдік. Айта кетейік, осы жерасты  су қорының тек 10%-і басқа ауданға беріледі. Ал «Аймекен» жерасты су көзі осы ауданның қолданысында қала береді, — деді Нариман Төреғалиев.

Тұрғындар Хан Ордасы, Мұратсай ауылдарының кіреберіс жолдары және Шоңай- Сайқын тасжолын салу мәселесін де көтерді. 

Хан Ордасының кіреберіс жолы келесі жылға жоспарланған. Мұратсай ауылының мәселесі 2025 жылы шешілмек. Ал Шоңай-Сайқын аралығындағы жол 2026 жылдың жоспарына енгізілді, — деді облыс әкімі. 

Өңір басшысы тұрғындардың сан салаға қатысты өзге де сауалдарына жауап беріп, алдағы мақсат-міндеттерді айтып өтті.