Әкімшілік істердің соттылығы

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 102-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Республикалық маңызы бар қалалар және астана, облыс орталықтары шегіндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді талап қоюшының тұрғылықты жеріндегі сот қарауы мүмкін.

Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады. Кодекстің 103-бабына сай әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерилер мен әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды. Ал, кодекстің 104, 105-бабтарына сәйкес облыстық және оларға теңестірілген соттар әкімшілік істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.

ҚР Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша ҚР Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне дау айту туралы әкімшілік істерді қарайды. Әкімшілік істер бойынша сот актілері кассациялық тәртіппен ҚР Жоғарғы Сотында қаралуға жатады. Кодекстің 107-бабына сүйенетін болсақ, істердің байланыстылығы бойынша және тараптардың таңдауы бойынша соттылығы бар. Бірнеше жауапкерге талап қою жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды. Сотқа талап коюды жолдау кезінде талап қоюшыға даудың соттылығына назар аудару керек.

М.ТАШЕВ,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да