Есірткі саудасымен күрес күшеюде

Есірткіні пайда көзіне айналдырғандармен күрес күшейтілген режимде жүргізілсе де олардың саны азаяр емес. Есірткі қылмысына қарсы тұру, есірткі заттарын өндірумен, тасымалдаумен, сатумен, сондай-ақ, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін таратумен айналысатын адамдардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу және жолын кесу мақсатында Түркістан облысының Полиция департаменті тұрақты негізде әртүрлі жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыруда. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тиянақты тапсырмаларының арқасында 24 сағатта 1 есірткі егу дерегі және бір фитозертханадағы жайт анықталып, оның көзін жойды. Ал бұл жағдай есірткі қылмыстарына тосқауыл қою бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі, оның ішінде жастардың есірткіге, түрлі құмар ойындарға, заңсыз әдеттерге әуес болуы үлкен мәселе. Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен құрылтайда айтып өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткен бағытта, ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында есірткі қылмысы, оның заңсыз айналымына тосқауыл қоюда тәртіп сақшыларымен тыңғылықты шаралар атқарылуда. Бұл туралы Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Сахов мәлімдеді.

Мәселен, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шара барысында, есірткіні ерекше әдіспен өсірген кентаулық тұрғынды анықтады. Ер адамның үйін тінту кезінде, жатын бөлмесінен ішінде есірткіге ұқсас заты бар 11 сіріңке қорабы табылды. Одан әрі жедел ақпарат көздері арқылы оның ағасының үйінде есірткі өсіретіні анықталды. Нақтырақ айтсақ, күдікті жас жігіт, туысының пәтеріне есірткі өсімдіктерін өсіруге арналған фитозертхана жасаған. Яғни, пәтердің бір бөлмесін арнайы фитожарықтандырғышпен жабдықтап, есірткінің өсуіне қажетті барлық жағдаймен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, есірткіні гүл тәрізді өсіріп, оған ерекше күтім жасаған. – Жедел уәкілдер оқиға орнынан «заңсыз бақша» яғни, есірткіге ұқсас өсімдік өсірілген 18 гүл құмырасын тапты. Бұл ыдыстардан 46 сабақ пен 3 түп «сора» өсімдігі тәркіленіп алынды. Алынған есірткі заттарына сараптама тағайындалып, зерттеу қорытындысы «марихуана» есірткісі екенін растады. Одан бөлек пәтерден 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тексеру кезінде бұл қару бірнеше жыл алдын болған пәтер ұрлығы кезінде ұрланған қару болып шықты. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Қ.Сахов.

Сондай-ақ, ПД-ның Экстремизмге қарсы күрес басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдері деструктивті діни ағым жақтаушысы ретінде есепке алынған түркістандық ер адамды есірткі егумен айналысқаны үшін құрықтады. Тәртіп сақшылары анықтаған жедел ақпарат нәтижесінде, күдіктінің ауласынан 2300-ге тарта егілген есірткіге ұқсас түп алынды. Сонымен қатар, шыны ыдысқа салынған есірткіге ұқсас зат тәркіленді. Тәркіленген затқа шұғыл сараптама тағайындалды. Сараптаманың нәтижесінде алынған гүл тәрізді түптердің жалпы салмағы 60 келіге жуық «сора» есірткісі болып шықты. Ал шыны ыдыстағы 35 грамнан асатын марихуана екені дәлелденді. Күдікті қамауға алынды.

– Аталған екі дерек те ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігімен тіркелді, тергеу жалғасуда. Осы тұста Түркістан облысының полицейлері ескертеді, есірткіге қатысты қылмыстарға заңмен жауапкершілік қарастырылған. Өз өміріңіз – өз қолыңызда десек, зиян әдеттерден аулақ жүріңіз!, – деп кеңес берді полиция полковнигі Қ.Сахов.

– Қазақстанда есірткіні таратушылармен күрес жүріп жатса да, ол туралы жарнамалар ғимарат, қоршау, тротуарларда ашықтан-ашық пайда болып жатыр. Сайттарда да сауда қызу. Есірткіні таратқандарға жаза күшейтілсе де әлеуметтік желі, сайт, мессенжерлерде жарнамалау тыйылмай тұр. Кейінгі кезде синтетикалық есірткі заттарының интернетте кеңінен таралуына байланысты жасөспірімдер арасында есірткі қолданушылар саны арта түсті. Бұл интернетте, сайттарда сүзгінің болмауынан. Тағы бір себебі – олардың қолжетімділігінде. Одан бөлек, ата-ананың өз баласының өміріне, қызығушылықтарына, әуестіктеріне араласуы, қызығушылық танытуы төмендеген. Мәселен, мектептерде ай сайынғы өткізілетін ата-аналар жиналысында есірткінің, электронды темекілердің зияны және олардың алдын алу шаралары айтылып, түсіндіріледі. Оған қоса полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнаулы лекциялар оқиды. Дегенмен, ата-аналардың біреуінің, кейде тіпті екеуінің бірдей келмеуінен алдын алу шаралары іске аспай жатады. Көбіне ата-ана баласының есірткіге елітіп жүргенінен бейхабар болып шығады. Осылайша, уақыт өткізіп, опық жеп қалады. Сондықтан да, үйде отырған балаға жауапты ең бірінші ата-ана екенін ұмытпайық.

Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да