Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы 6 желтоқсаннан бастап билет бағасын төмендетуге міндеттелді. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Air Astana-ға қатысты бірлесіп тексеріс жүргізіп, оның қорытындысын сотқа тапсырды.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жанармай алымын негізсіз қолданғаны үшін әуе компаниясына 876 миллион теңгеден астам айыппұл салды.
Ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana жолаушылардың барлық санатынан 3 500-ден 6 500 теңгеге дейін жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды, — делінген хабарламада.
Анықтама: отын алымы тасымалдауға арналған тарифтің қолданылу кезеңінде авиаотынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында ғана алынуы мүмкін, оны есептеу кезінде бұл өсімді ескеру мүмкін болмады.
Air Astana авиакомпаниясы мен агенттік арасында ішкі бағыттар бойынша монополиялық/үстем бағыттардағы бағаны тежеуге бағытталған, атап айтқанда төмендегі міндеттерді көздейтін монополияға қарсы комплаенс жасалды:
- біріншіден, 2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармайға қосымша ақы қолдануды алып тастау (ұшу күніне қарамастан 2023 жылғы 6 желтоқсанға дейін жанармайға үстеме ақы төленіп сатылған билеттерге қолданылмайды). Мәселен, Астана-Алматы бағытындағы билеттің орташа бағасы ағымдағы бағаның орнына 28 435 теңгеден 24 435 теңге болады (бағаның төмендеуі 14%), Алматы-Ақтау бағытында орташа баға қазіргі 37 568 теңгенің орнына 31 078 теңгені құрайды (бағаның 17%-ға төмендеу);
- екіншіден, 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды авиатасымалдау қызметтерінің бағасын көтеруді шектеу;
- үшіншіден, осы жылы және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін AirAstana орташа және төмен бағамен сатылатын билеттерінің саны 70%-тен (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) төмен болмауға тиіс.
Сонымен қатар агенттік келесі жүйелі шараларға бастамашылық жасайды:
- агенттіктің бастамасы бойынша көлік министрлігі «ауа еркіндігінің» 5-ші дәрежесіне қолжетімдікті кеңейту мақсатында шетелдік тасымалдаушылардың отандық авиакомпаниялармен қатар жекелеген әуежайларда маршруттар бойынша ұшуларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтетін шаралар қабылдады. Бұл шетелдік авиакомпаниялардың келуін ынталандыруға мүмкіндік береді, бәсекелестікке оң әсер етеді және тұтынушылардың таңдауын арттырады;
- агенттік жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.