Жамбыл облысында үш су қоймасының құрылысы басталды. Бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен сегіз бөгет салынады.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Ал келер жылы республикалық қазынадан қаржы қаралса, ауқымды үш су жинақтау қоймасы тұрғызылады.
Андас-1 су қоймасы алты гектар аумақта орналасады, бөгетке 200 мың шаршы мертден аса су сияды. Ал бұл көлем жағалай жатқан ауылдарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті. Оған қоса Меркі ауданында екі қойма салынып жатыр. Олардың жалпы көлемі 1,5 миллион текше метрге жуық. Құрылысшылар биыл екеуін аяқтап тапсырмақ. Ал ауқымдысының құрылысы келер жылы жалғасады.
Күн салқындамай бетонды құйып алуымыз керек. Жалпы бөгеттің ұзындығы – 297 метр. Ал қойманың табаны 58 мың шаршы метр аумақты алып жатыр, — деді құрылыс алаңының басшысы Алексей Шпиц.
Су жинақтау орындары қолданысқа берілсе, аудандағы 600 гектар алқап суарылады. Сонымен қатар жергілікті билік тіршілік нәрін егістік басына дейін құбырмен жеткізуді жоспарлап отыр.
Аймақта сегіз кіші су қоймасы жергілікті бюджеттен, тағы үш ірі нысан республика қазынасы арқылы салынады. Талас өзенінде Ақмола, Шу арнасы бойынан Қалғұты мен Ырғайты су қоймалары салынады. Олардың жалпы сыйымдылығы 52 миллион текше мерт.
2018 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінен 25 миллиард теңге бөлініп, облыста 256 су арнасын жөндеу басталған. Жоспар бойынша олардың құрылысы суару маусымына дейін бітеді.