Астана әкімі: Жыл соңына дейін 3,6 мың үлескер баспаналы болады

Астанада жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған нысандардың 3 мың 600 үлескері жыл соңына дейін баспана кілтін алады.

Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, азаматтарды жеке қабылдау кезінде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелер жиі көтеріледі.

Тұрғын үй мәселесі жөнінде бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Атап айтқанда, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй салу, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары қолға алынған, — деді әкім.

Ол кезекте тұрғандар арасында түрлі санаттар бойынша 1,4 мың отбасы баспаналы болғанын айтып өтті.

Сол сияқты жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған нысандардың 3 мың 600 үлескері баспана кілтін алады. Elorda Zhastary жеңілдетілген жастар тұрғын үй бағдарламасы бойынша 1,9 миллиард теңгеге 112 займ берілді, — деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар апатты үйлерді бұзып, тұрғындарға жаңа тұрғын үй беру үшін тұрғын үй қоры жаңартылып жатыр.

Қазіргі уақытта 2029 жылға дейін бұзылатын апатты үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 4 710 пәтері бар 206 апатты үй енгізілді.