Алматы облысында 19 тұрғын үй заңсыз салынып жатқаны анықталды

Алматы облысының прокуратура қызметкерлері заңсыз салынған 19 көппәтерлі тұрғын үй тапты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы өзен арнасын заңсыз өзгертіп, «Orda Town» КТК құрылысын бастаған. Оған қоса Талғар ауданында құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ 21 коммерциялық нысан анықталды.

Ал Бесағаш кентінде Алматы-Қорғас негізгі тас жолының бойында жеке тұлға сауда орталығының құрылысын бастаған.

Заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын тоқтатып, сотта заңсыз құрылысты бұзу туралы талап-арыз қаралады. Оған қоса құрылыс салушыларды тиісті жауапкершілікке тарту жұмыстары жүріп жатыр, — делінген хабарламада.

Құрылыс фактілері бойынша Талғар, Қарасай ауданының және Қонаев қаласының 26 құрылыс салушысы тоғыз миллион теңгеден астам айыппұл төледі.