Түркістан-қылмысы аз өңір

Түркістан облысы тұрғындарының саны бойынша республикада көшбасшылар қатарында, мұнда халық тығыз қоныстанған. Мәселен былтыр елімізде 10 мың адамға шаққандағы құқық бұзушылықтың деңгейі ең аз өңір Түркістан облысы болды.

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында қылмыс саны айтарлықтай азайған, ал оның ашылу көрсеткіші жақсарған Облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өткен жиында тәртіп сақшылары биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оған қалалық, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылары мен орынбасарлары қатысты. – Қылмыссыз қоғам құру жолында баршамыз бірлесіп жұмыс атқарудамыз.

Осы ретте назарымызды бірінші кезекте ел Президенті мен Ішкі істер министрі ден қойған жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмауға, алаяқтық, мал ұрлығы, жол көлік оқиғаларын болдырмау, қару қолданумен болатын қылмыстарға жол бермеу бағытында профилактикалық шараларды атқаруды тапсырамын. Алдағы уақытта барлық полиция басқарма, бөлімдерінің жұмыстарын, ондағы кіші жедел басқару орталықтары мен бейнебақылау камераларын қадағалау, жол белгілерінің орнатылуын бақылау, жасөспірімдермен кездесулердің жиі өткізілуін қамтамасыз ету үшін арнайы топ құрылып, іске кірісетінін ескертемін, – деді департамент басшысы. Жиында жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарына жол бермеу, қызметтік тәртіпті сақтап, «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыруға да баса назар аударылды. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Б.Жанаевқа облыс орталығынан жаңадан құрылып жатқан «Отырар» мөлтек ауданына «SOS» батырмаларын орнату бойынша тапсырма берілді. Оған қоса уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері мен олардың жұмысын тексеру тапсырылды. Түркістан облысында орын алған қылмыс өткен жылға қарағанда 10,8 пайызға азайған. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелімі 19,2 пайызға төмендеген.

Патрульдік полиция, ювеналды және учаскелік полиция инспекторларына осы айдың соңына дейін жаңа кейіптегі смарт-жетондар толық берілмек. Сонымен қатар облыс бойынша 907 мемлекеттік мектептің барлығы «дабыл түймелерімен» қамтамасыз етілді. Облыстың аудан, қалаларында да қылмысқа қатысты статистикаларда оң өзгерістер бар. Мәселен, жақында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпаевтың төрағалығымен Шардара аудандық полиция бөлімінде жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті.

Жиын барысында басқарма бастығы орынбасарларының есептері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтар болсақ, Шардара аудандық полиция бөлімінде жыл басынан бері 137 құқық бұзушылық тіркелген. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар 41 пайызға азайған. Ауыр қылмыстардың саны 53-тен 38-ге немесе 28,3 пайызға, ал бөтен мүлікті ұрлау қылмысы 12-ден 9-ға төмендеп отыр. Кеңес барысында Б.Айтпаев құрамға бірқатар тапсырмалар беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатындағы басым бағыттарды жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Мақтаарал ауданында жасалған қылмыс 42 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс саны 40 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау мен оның ішінде мал ұрлығы 50 пайызға азайған. Құқықбұзушылықтар Жетісай ауданында да төмендеген. Мұндай мәліметтер жуырда Жетісай ауданының әкімдігінде өткен жиында айтылды. Басқосуда аудан көлеміндегі полицияның салалық бөлімше басшыларының баяндамалары тыңдалды. Осы баяндамаларға қарағанда, Жетісай ауданында профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтардың саны 5,9 пайызға, оның ішінде қылмыстар саны 1,7 пайызға, теріс қылық саны 22,2 пайызға төмендеген. Жалпы ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 72,4 пайызды құраған.

Шара соңында тәртіп сақшыларына орын алған кемшіліктерді жою, алдағы жұмыс жоспарларын түзіп, жүйелі орындалуын бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, ел Президенті мен Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу және де алаяқтық, мал ұрлығы, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шараларды, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Түлкібас ауданында да қылмыстың ашылымы айтарлықтай жоғарылаған. Ұрлық қылмысы 13-тен 2-ге төмендеп, ашылуы 60 пайызды құрады. Бұзақылық қылмысы 50 пайызға төмендеген. Қылмыстың азаюы басқа аудан, қалаларда да байқалады. Бүгінде Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы алдын алу шараларына баса назар аударылуда. Атқарылған жұмыстар жуырда Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында баяндалды.

Жиында Түркістан облысы прокуратурасының кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін сақтау, балалар арасындағы және оларға қарсы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына жасалған талдаудың қорытындысы бойынша берілген ұсыныстар қаралды. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев балалар құқығын қорғау бағытындағы жұмыстарды сапалы атқару керектігін айтты. – Облыстағы мектептерде қауіпсіздікті сақтау бойынша 894 білім ошағына 7 мыңнан астам бейнекамера мен турникет, қоршау, дабыл батырмасы орнатылуда. Қоғам талабына сай, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында әкімдік тарапынан 5,9 млрд теңге бөлініп, жыл соңына дейін «Қауіпсіз мектеп» жобасы толық іске асады. Дегенмен бұл мектеп аумағындағы қауіпсіздікті ғана сақтауға көмектеседі. Бұдан тыс, әрбір маман өзіне тиесілі жұмысты атқаруы тиіс. Құр есеппен жиынды жаба салуға болмайды. Бұл бір күн қаралып, реттеле салатын нәрсе емес. Жыл бойы айналысатын шаруа. Сондықтан әркез назарда ұстаңыздар. Бала кіммен тұрады, қандай отбасында өмір сүреді, әлеуметтік жағдайы қалай? Бәрін анықтап, зерделеп, мәліметтер базасын толықтырып шығыңыздар. Сондай-ақ, Түркістан облысында «ARTSPORT» бағдарламасы жүргізіліп жатқанын білесіздер. 30 мың баланы тегін үйірмемен қамтуға қаржы бөлініп отыр. Ол үйірмелерге алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын тартыңыздар. Балаларды осын дай тегін үйірмелерге тіркеу жағын қарастырыңыздар, – деген Бейсен Тәжібаев қоғамдағы жасөспірімдерге қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу жөнінде де ұсыныстар мен тапсырмалар берді.

Комиссия отырысында полицияға, құзырлы органдарға Отырар ауданында тіркелген кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарды терең талдап, заң аясында қатаң шаралар қабылдау ұсынылды. Аталған мәселе бойынша департамент тарапынан жедел тергеу тобы құрылып, жұмыстар жүріп жатыр.

Жиында Түркістан қаласы мен Жетісай, Төле би ауданындағы комиссия төрағалары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, оларға жасалған зорлық-зомбылық және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша баяндама жасалды. Кешкі және сыртқы білім беру ұйымдарында білім алушыларды, өмірде қиын жағдайда жүрген кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалту жөніндегі жұмыстардың жүзеге асырылуы да назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы мәселелердің алдын алу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін айтып, балалар құқығы бойынша жалған мәлімет беретін жауапты басшыларға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.

Бекбол ҚАЛДЫБЕК
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да