«Біз жанбасақ лапылдап..!» Өңіріміздің аудан, қалаларында өткен жастар форумы туралы осындай ой түюге болады

Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл – бүгінде аудан, қалаларда өтіп жатқан жастар форумының негізгі тақырыбы.
Мәселен, жуырда Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің тапсырмасы негізінде Жетісай ауданы әкімдігі мен аудандық полиция бөлімінің, аудан прокуратурасы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Қауіпсіз қоғамдағы жастардың келбеті» атты форум өтті.
Еркін форматта өткен форумда балалар мен жасөспірімдер, жастар арасында және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылыққа, кемсітушілікке жол бермеу, әлеуметтік желі арқылы буллинг жасамау, адамның қадір-қасиетіне тиіспеу, мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, сапалы білім алу, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері қозғалды.
Осы форумға келіп, жастарға сөз арнаған аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей, не жанама көздейтін құқықтық актілердің жүзеге асуын аға буын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бүгінгі жиын тек формальды түрде ғана емес, сіз бен біздің ашық пікір алмасуымыздан тұруы тиіс. Заман көшіне ілесіп өмір сүру үшін тынымсыз ізденіс пен білім керек. Өйткені, біз өмір сүріп отырған қоғам – үнемі үдерістер мен технологиялар қоғамы» деп өз ойын ортаға салды.
Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Талғат Қаржауов елдегі кәсіпкерлік саласына жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктер жөнінде айта отырып, жастар арасында тың жобаларды жүзеге асыруға қол ұшын беретіндігін және аудан экономикасының дамуына үлес қосатын бір жобаны өз есебінен толық қаржыландыратындығын жеткізді.
Сондай-ақ, жиын барысында жастарға ой салатын «Ұрпақтар теориясы. Отбасында әр адам өз рөлінде болудың маңыздылығы», «Сепарация. Жауапкершілік. Инфантилизм», «Заманауи қазақ отбасындағы АНА моделі. Бала денсаулығы. Дамуы. Берекелі өсуі» тақырыптарында психологиялық тренингтер өтті.
Ал, Арыс қаласында «Жалынды жастар – жарқын болашақ» тақырыбында өткен форумға 300-ден астам қала жастары қатысты.
Бұл форумның бір ерекшелігі, іс-шара қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының «Қисық жол» қойылымымен ашылды. Нашақорлықтың  кесірінен айрандай ұйып отырған бір отбасының күйреуін суреттеген қойылым көрермендерге ерекше әсер қалдырған сияқты. Қисық жолдан түзу жолға талпынған жастардың толқынысын сезген әкім Гүлжан Құрманбекова:
– Мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастарымыз аянбай еңбек ететін, ерік-жігеріне, күш-қайратына сенемін, – деп мотивация берді жастарға.
Жиында қала прокуроры мен сот төрағасы, полиция бөлімінің бастығы жастарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Шара соңында спорт, мәдениет, білім-ғылым, кәсіпкерлік салалары бойынша жетістіктерге жеткен белсенді жастар марапатталды.
«Мақтаарал» агроколледжінде өткен дәл осындай іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асановтың өзі қатысты.
Форум аясында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Ал, ардагерлер өздерінің өмірлік тәжірибелерін ортаға салып, олардың жүрегіне ізгілік дәнін септі.
Отырар ауданында өткен «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форумға 400-ден аса жас қатысыпты. Жергілікті халық театрының жастар тәрбиесіне қатысты сахналық қойылымы жүрек тербейді. Иә, форумда жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы, сондай-ақ, діни экстремизм мен нашақорлық сияқты жат қылықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Соңында аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жастарға жігер, от берді.
 
А.ПАЙЫСХАН.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да