1 қарашадағы жағдай бойынша 111,2 мың отбасындағы 583,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 64,7 миллиард теңге бөлінді.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
АӘК негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мынаны көздейді:
- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайын қосымша төлем беру. 1 қарашадағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант беру, біліктілікті арттыру курсына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сонымен қатар egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.