Газадағы Қазақстан азаматтары Алматыға ұшып келді

Газа секторынан Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматыға ұшып келді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді. Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажет құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Газа секторы, эвакуация
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Сәтті іске асырылған эвакуациялау Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша ҚР СІМ азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қолжеткізді. Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады, — делінген хабарламада.

Газа секторы, эвакуация
Фото: Сыртқы істер министрлігі