Кейінгі бір аптада әлеуметтік желіде тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі қызу талқыланып жүр. Оған 31 жастағы Салтанат Нүкенованың өлімі себеп болды. Қазақстан азаматтары, белсенділер мен құқыққорғаушылар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы заң енгізуді талап етіп отыр. Бүгінгі материалда Baribar.kz осы тақырыпты тарқатып жазады.
Салтанаттың өлімі: оқиға қалай болды?
2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 31 жастағы әйелі Салтанат Нүкенованы “өлімші етіп сабап, өлтірді” деген күдікпен ұсталды. Оқиға Астанадағы BAU мейрамханасында болған. Қазір Қуандық Бишімбаевтың үстінен “Адам өлтіру ісі” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктіні екі айға қамады. Оқиға болған ғимарат Бишімбаевтардың туысына тиесілі. Мейрамхананың басшысы да Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол «қылмысты жасырғаны үшін» айыпталуы мүмкін.
Марқұмның құрбыларының айтуынша, Салтанат бұған дейін де күйеуінен зорлық көрген. Ал туыстары Қуандық Бишімбаев Салтанатты “өлімші етіп” сабап тастағанын, оны кешірмейтінін айтып, оған қатаң жаза беруді талап етіп отыр.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2016 жылғы мамыр мен желтоқсан аралығында ұлттық экономика министрі болған. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017 жылғы қаңтарда ұстаған. 2018 жылғы наурызда Қуандық Бишімбаев «пара алғаны және ұрлық жасағаны үшін» кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ экс-министр бір жылдан соң, 2019 жылғы қазанда босап шықты.
Салтанаттың өліміне қоғамның реакциясы
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты оқиға қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Қоғам белсенділері, құқыққорғаушылар, танымал адамдар, Қазақстан азаматтары тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы заң қабылдауды, қатаң жаза енгізуді талап етіп отыр. Оған қоса олар Салтанат Нүкенованың да ісі аяқсыз қалмауын сұрап отыр. Блогерлар, танымал артистер, журналистер әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл тақырыпта жазба жазса, кейбір азамат тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін көрсететін видео түсіріп, флешмоб ұйымдастырып жатыр. 25 қараша — Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күні «Жаңа адамдар» қозғалысы Алматыда марш өткізбек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Актриса Тамирис Жанғазиева көпшілікке тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болғанын ашық айтып, осы проблеманы көрсететін бейнебаян түсірді.
Қоғам қайраткерлері, заңгерлер, ғалымдар, журналистер мен кәсіпкерлер отбасындағы зорлық-зомбылықтың көбеюіне алаңдап, онлайн-петиция жариялады. Онда олар Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың жазасын қатайтуды сұраған. Қазіргі уақытта петицияға 115 475 адам қол қойды.
Резонанс жағдайдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Қоғам неге әлі тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа құрбанның өзін кінәлайды?
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жағдайды мүлдем басқаша қабылдағандар да бар. Кейбір желі қолданушысы оқиғаға қатысты «күйеуінің көзіне шөп салған шығар», «тілінен тапқан шығар», «ақша үшін тұрмысқа шығып, өлді» деген пікір жазды. Оған қоса тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін талқылап, арнайы қатаң жазаны талап етіп жатқанның көбі әйелдер қауымы екенін байқауға болады. Мұндай жағдайда құрбанды кінәлау виктимблеймиң деп аталады.
Профеминист Баубек Сағындықтың айтуынша, бұл проблеманы айтып жүрген ер адамның аз болғаны, құрбанның «өзін» кінәлау — патриархал сананың салдары.
Өкінішке қарай, біз кез келген оқиғада адамға адам ретінде қарай алмаймыз. Қандай да бір жағдай болса, міндетті түрде оған қатысы бар адамның жынысына, нәсіліне, дініне, көзқарасына, пікіріне назар аударамыз. Оған қоса қоғам әлі күнге дейін әйелді үйде отыратын, үй шаруасымен айналысатын екінші сатыдағы тұлға деп біледі. Тек қоғам емес, биліктегілердің ішінде патриархал сананы құптайтындар, агрессорлар, тирандар, диктаторлар бар. Патриархал көзқарастағы ер адамдар үнсіз қалып, мәселені көтермей отыр. Бұл — үлкен проблема. Бұл мәселені 10 жыл бұрын көтеріп, шешкен болсақ, қайғылы жағдайлар болмас еді, — дейді ол.
Ал психолог Жансая Серікова тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа әйел құрбанды көбіне әйелдер кінәлайтынын байқағанын айтады.
Біздің елімізде абьюзерлік қарым-қатынасқа шыдап жүрген әйелдер көп. Бұл да — негізі қорғану механизмі. Олар өзінің жұбымен әрі қарай бірге тұруы үшін, өмірін сақтап қалуы үшін өзін кінәлі етеді. Содан “тілімнен таптым” деген сияқты ойы болады. Меніңше, осындай пікір жазғандар — тұрмыстағы зорлық-зомбылықты бастан өткізген әйелдер. Бұл — менталитетіміздің қатесі. Ұлды ұл болғаны үшін жақсы көріп, қызды қыз болғаны үшін шыдауға үйреткеніміздің салдары, — дейді психолог.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі Қазақстан заңында қалай қаралып жүр?
Заңгер Камила Енсегенованың айтуынша, 2017 жылға дейін Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылық екі бап бойынша – Қылмыстық кодекстің 108-бабы (Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) және Қылмыстық кодекстің 109-бабы (Ұрып-соғу) бойынша қаралған. Бұл бап бойынша айыпталған агрессор қамауға алынатын, айыппұл төлейтін, түзеу немесе қоғамдық жұмыспен айналысатын. Бірақ 2017 жылдың жазынан бастап бұл істер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабының 1,2-бөлімі бойынша қаралады.
Қазір денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін үйдегі тирандарды 20 тәулікке дейін қамайды, ал ұрып-соққаны үшін 15 тәулікке дейін қамауға алады. Оған қоса 73-бап бойынша, бір отбасыдағы адамдар бірін-бірі сыйламаса, былапыт сөйлесе, қорласа, кемсітсе, үй тұрмысындағы заттарды бүлдірсе, тыныштығын бұзса, бірақ әрекетінде қылмыстық іс-әрекет болмаса, тек ескерту береді немесе бес тәулікке қамауға алады, — дейді заңгер.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2021 жылы Қазақстанда «Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру» бабы бойынша 649 іс қозғалды, 110 әйел қайтыс болған. 2022 жылдың 10 айында қаралған істің саны 794-ке артқан, 93 әйел қайтыс болған. Ал 2023 жылы ішкі істер министрлігі тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 18 адамның өлгенін тіркеді.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң қандай болуы керек?
Салтанат Нүкенованың өлімінен соң, Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жаза күшейді. Енді агрессор құрбанмен тек бір рет татуласа алады. Сонымен қатар полиция жәбірленуші арызданбаса да, куәгерлердің, бейнекамералардың дерегіне сүйеніп, іс қозғай алады. Дегенмен заңгер Камила Енсегенова бұл өзгертулер мәселені шешпейтінін айтады. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылық қайтадан Қылмыстық кодекс бойынша қаралуы керек дейді.
Зорлық-зомбылықты алғаш жасаған тұлға сол кезден-ақ қатаң жазалануы керек және оның жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі болмауы керек деп ойлаймын, — дейді заңгер.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 2023 жылғы 7 наурыздағы мәлімдемесінде Қазақстан үкіметін тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыстық іс ретінде қарауға тағы да үндеді.
Профеминист Баубек Сағындық тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң міндетті түрде болуы керек екенін айтады. Оған қоса заң жобасын әйелдер қауымы дайындағаны дұрыс деп есептейді.
Заң осы саланы зерттеп жүрген әйел ғалымдар, адам құқығын қорғап жүрген белсенді әйелдер, заңгер әйелдер жасауы керек. Бұл заң тағы да еркектердің көзқарысымен қабылданса, әділетсіз болады. Бұл келесі бір зорлық-зомбылықтың пайда болуына, патриархал қоғамның өмір сүре беруіне ықпал етеді. Шыны керек, осы жағдай туралы, заңның қандай болғаны дұрыс екеніне қатысты менің пікір беруімнің өзі дұрыс емес. Мұндай кезде ер адамның пікірін сұрау соның көзқарасына тәуелді болу сияқты көрініп тұр. Осы күнге дейін әйел құқығын қорғап жүргендер, феминистер осы проблеманы айтып келді, бірақ ешкім құлақ аспады. Енді осындай ауыр жағдай болғанда, бәрі байбалам салып жатыр. Бұл — біздің кінәміз. Енді осы саланы зертеп жүрген ғалым әйелдердің, құқық қорғаушылардың, заңгерлердің шешімі, пікірі бойынша, мәселені шешкеніміз жөн, — дейді Баубек Сағындық.
Ал психолог Жансая Серікова заңға қосу қажет деп санайтын бірнеше ұсыныс айтты. Біріншісі — агрессордың қылмысын жеке іс ретінде тіркеу.
«Тұрмыстағы зорлық-зомбылық болған отбасындағы сценарилер бір-біріне қатты ұқсайды. Әйел адам араша сұрап, арыз жазады. Кейін не күйеуінің қысымы, не өзара келісіммен арызды кері алады. Арыз қайтарылған соң, агрессор қылмыстан жұрдай, аппақ боп шыға келеді, із қалмайды. Бұдан кейін екеуі ажырасуы мүмкін немесе жағдай үйреншікті сценариге айналады. Меніңше, агрессордың осы қылмысы заң жүзінде жеке іс ретінде қаралып, тіркелуі керек. Зорлық көрген адам арызын қайтарып алса да, зорлық жасаған адамның жеке ісінде осындай арыз болғаны туралы ақпарат сақталуы керек. Неге? Зорлық көрсеткен адам екінші рет неке құруға ниетті болса, екінші жақ оның дерегін тексеріп, бұл ақпаратты білуге тиіс. Осылай, қандай адаммен отбасы құратынын білуі керек. Мысалы, алимент төлейтін еркектерді тексеріп біле аламыз. Сол сияқты қол көтеретін еркектер туралы да ақпарат сақталса, бұл көптеген әйел өлімінің, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алар еді. Еркек те өткенінің таза емес екенін біліп, тәртіпке келуі мүмкін», — дейді Жансая Серікова.
Екінші мәселе — агрессорды дене және жан жарақатына қарай, жәбірленушінің психотерапиясын төлеуге міндеттеу.
Зорлық көрген адам посттравматикалық бұзылуға ұшырайды. Бір рет болса да таяқ жеген адам барлығынан іштей қауіптеніп, қорқып жүреді. Бұл жәбірленушінің қоғаммен етене араласуына, жеке өміріне, дене, психикалық саулығына көп зиян келтіреді. Осындай зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге күйеуі екі жыл психотерапиясын төлеп беруге міндеттелуі керек. Қолымен жасағанын қалтасымен көтереді. Еркек ай сайын әйелінің жеке терапиясына ақша аударып отырсын, — дейді психолог.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тек дене, моральдық жағынан ғана емес, қаржы жағынан құрбан үшін де, мемлекет үшін де шығын. Мысалы, Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының 2022 жылғы зерттеуіндегі дерегі бойынша, мемлекет тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша жеке профилактика шараларына, дағдарыс орталықтарын қаржыландыруға, үйдегі зорлық-зомбылық профилактикасын жүргізуге арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі полиция инспекторларының қызметіне бюджеттен 4,5 миллиард теңге жұмсаған. Мұнда тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбанын емдеуге және оның реабилитациясына және тағы басқаға кететін шығын есепке алынбаған.
Үшіншісі — зорлық жасаған адамға қылмысынан соң, екі жыл басқа адаммен некелесуіне заң жүзінде тыйым салу.
Кез келген әйел тұрмыс құрмас бұрын жігіт туралы анықтама сұрата алуы керек. Бұрын-соңды зорлық-зомбылыққа қатысты істі болды ма? Кімді қалай ұрды? Зорлық-зомбылықтың қай түрі жасалды? Жыныстық зорлау, пышақтау, жұдырықтау ма? Психологиялық зорлық көрсетті ме? Боқтау, ар-намысына тіл тигізу, ел алдында тілдеу фактілері тіркелді ме? Осының бәрін алдын ала білгені дұрыс. Осы айтылған ұсынысты заң жүзінде бекітсек, көп әйелдің жанын аман алып қалар едік. Жетім балалардың санын азайтып, қоғамға қауіпті еркектердің әрекеттеріне тосқауыл қояр едік, — дейді психолог.
Ескерту! Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны көбіне әйелдер мен балалар болғандықтан және Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты болған кейінгі жағдайға байланысты респонденттер мысалында әйел мәселесіне тоқталып отыр. Дегенмен кез келген адам тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін.
Отбасындағы агрессорды қалай тануға болады?
Психолог Жансая Серікованың айтуынша, агрессорды немесе абьюзерді алдын ала толық тану мүмкін емес. Тіпті адамның өзі абюзер, агрессор екенін білмеуі мүмкін. Бірақ тәжірибеге сүйеніп, оларға ортақ сипатты атауға болады.
Қазақта «Алғанша жаным дейді, алған соң жаныңды жейді» деген сөз бар. Бұл — осы агрессорларға арналған теңеу. Себебі көп жағдайда агрессорлар тұрақты қарым-қатынас орнатқанға дейін, екінші адамның жүрегін жаулағанға дейін барлық нәрсеге дайын болады, — дейді психолог.
Маманның айтуынша, зорлықшы қарым-қатынас басталған соң ғана жұбына агрессиясын көрсетеді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық ұрып-соғу, күш көрсету ғана емес екенін ұмытпаған жөн. Агрессор мынадай әрекеттерге баруы мүмкін:
- Шектеу. Агрессор жұбына жұмыс істетпеуі, достарымен, тіпті туыстарымен араластырмауы, сыртқа шығуына тыйым салуы, ата-анасының үйіне баруға тыйым салуы мүмкін.
- Әр ізін аңдып отыру. Абьюзер жұбының кіммен араласып-араласпайтынын қадағалайды. Тіпті дүкенге рұқсатсыз шығармауы мүмкін.
- Кемсіту. Агрессор жұбына ауыр, балағат сөздер айтып, кемсітуі, манипуляция жасауы мүмкін.
Адам жұбынан осындай белгілерді байқаса, оны үлкен дабыл деп қабылдауына болады, — дейді психолог.
Психолог Жансая Серікованың айтуынша, тұрмыста зорлық көрсететін абьюзерлерді тек күшпен, қатаң жазамен ғана құрықтауға болады. Ал мемлекет заңында бұл мәселеге қатысты қатаң жазаның, арнайы заңның болмағаны агрессордың қорықпай, қылмыс жасауына мүмкіндік береді.
Мысалы, мектепте қатал және жұмсақ мұғалім бар делік. Оқушылар кімнің сабағын жақсырақ оқиды? Кімнің көзіне артық түспеуге тырысады? Көбіне қатал мұғалімнің. Көп жағдайда оқушылар мінезі жұмсақ мұғалімнің сабағына қатыспай, ол кісіні алдап-сулап жатады. Міне, агрессорлар да дәл сондай. Жұмсақ болған сайын, түрлі айланы, білгенін істейді. Адам заң алдында жауапқа тартылмайтынын білсе, оны ештеңе жолынан тайдырмайды, зорлығын еркін істей береді, — дейді маман.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, биыл қамауға алынған агрессорлардың саны екі есе өсті. Биыл жалпы 60 мың (60741) құқық бұзған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
***
Тағы оқыңыз:
Тұрмыста зорлық-зомбылыққа тап болған әйел қайдан көмек сұрайды?