Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда тұрмыстағы...

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейді

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден тұрмыстағы құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. 

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша хаттама жасау үшін қазір куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады. Бұған дейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласу үшін сотта тоқтатылған болатын. Бұл агрессордың немесе туыстарының сендіруі немесе қысымы нәтижесінде пайда болды, — делінген хабарламада.

1 шілдеден бастап сотта тек бір рет татуласуға болады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысым жасауды тоқтатуға мүмкіндік береді. 

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. 

19 мамырдан бастап қылмыстық кодекстің ауыр және ауырлығы орташа денсаулыққа зиян келтіруге байланысты жекелеген баптарына “кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты іс-әрекет жасау ” біліктілік белгісі енгізілді (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы). Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сонымен қатар жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұрмыстағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Нәтижесінде, кейінгі төрт айда (шілде-қазан) жауапқа тартылғандар саны артты. Егер ағымдағы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамды құрады (қазан айында – 9,5 мың). Тиісінше, қамауға алынған агрессорлардың саны екі есе өсті. Биылғы жылы барлығы 60 мың (60 741) құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың қорғаныс ұйғарымы шығарылды, — делінген хабарламада.

Соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 мың ерекше талап қойды. Олардың тарапынан белгіленген шектеулерді 10 мың бұзушылықтың жолын кесті. 

Жалпы, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде а.ж. 10 айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеудің 20%-ке, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды 4,2%-ке, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған ауыр қылмыстарды тіркеу 12%-ке төмендеді.