Жұмыс істейтін әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа аз ұшырайды

Қазақстанда ауыр қылмыстaрдың 40%-і әйелдерге қатысты жасалатынын статистикалық деректен аңғаруға болады. Оның 70%-інде әйелмен қоса бaлaлaр да зaрдaп шегеді. Шараға қатысқан спикердің бірі мұны Қазақстандағы отбасы институтының дұрыс қалыптаспауымен байланыстырса, енді бірі отбасында әйелдің күйеуіне қаржылай тәуелді болуынан көреді.

«Зорлық-зомбылық мәселесіне елдегі экономикалық ахуалдың да әсері бар екеніне қатысты көп болжам бар. Жұмыс істейтін әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа аз ұшырайды. Мұны басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан зорлық-зомбылықты азайтудың ең жақсы тәсілін гендерлік теңдік пен әйелдердің ерлерден экономика тұрғысынан еркін болуына жағдай жасау есептеймін», — дейді Zertteu Research Institute коммерциялық емес ұйымының атқарушы директоры Шолпан Әйтенова.

Шолпан Әйтенова
Шолпан Әйтенова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанда былтыр, 2021 жылы 102 пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 114 044 қоңырау түскен. Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 5-бабы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінен 44 974 істі қараған.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 17 647 тұлға екі сағаттан үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, қылмысы үшін 894 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2022 жылдың басынан бері 90 мыңнан астам факті тіркелген.

«Жәбірленушілер арызын қайтарып алады. Қозғалған істердің 3/1-і сотқа дейін жетеді, агрессорлардың 6/3-і ғана жазаға тартылады»,- дейді Алматы ІІМ полиция учаскелік иснпекторларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Диас Дуанбеков.

Диас Дуанбеков
Диас Дуанбеков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер дағдарыс орталығын паналай алады. Бұл жақта оларға заңгерлер мен психологтар көмек береді. Алайда Қазақстанда дағдарыс орталықтары жетіспейді.

Еске салайық, 2022 жылғы 18 қазанда үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдерге тұрмыста зорлық-зомбылық көргендерге арналған дағдарыс орталықтары мен уақытша бейімдеу орталықтарын және мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелерді көбейтуді тапсырды.

2022 жылдан бастап дағдарыс орталықтары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Биыл бұл үшін 1,4 миллиард теңге бөлінген. Мұндай орталықтар зорлық-зомбылық көргендерге алты ай бойы арнаулы әлеуметтік көмек береді.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына жолдауында тұрмыстық зорлық зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 3 қыркүйектегі үкімет отырысында отбасында зорлық-зомбылықты екінші рет жасағандарды қамау мерзімін 20-25 күнге ұзарту және отбасында қысым жасайтындарға ескерту орнына көше сыпыру, жол жөндеу жұмыстарына, аумақты көгалдандыру әрі абаттандыру жұмыстарына тарту жоспарланып отырғанын айтты.

Данагүл Науханова