Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енді

Бүгін,10 қарашада Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.

Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, осы келісімнің 1-ші бабы бойынша екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен қатар іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажет болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Жоғарыда аталған келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өту керек. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет, — делінген хабарламада.

Қазақстан азаматтары 34 елге визасыз бара алады.