Сотқа тартылған педофилдерді жинақтайтын электронды базаның құрылғаны туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
“2016 жылдан бастап кәмілетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есепке алып, тіркеп, оларды электронды жүйеге енгізіп отырамыз. Деректер базасы 1991 жылдан басталады”, – делінген хабарламада.
Комитет сондай-ақ, автоматтандыруға қатысты құрылған ортақ ақпараттық терезеге 7 мыңнан астам орган мен әртүрлі деңгейдегі мекемелердің енгізілгенін жеткізіп отыр. Комитет сайтында мемлекеттік органдарға қатысты кез-келген сауалыңызды қойып, оған егжей-тегжейлі жауап ала аласыз.
Сайтта автокөліктердің жол апатына қатысы бар-жоғын анықтайтын қызмет түрі де ашылған. Пайдаланушылар “Көлік құралдарының жол-көлік оқиғасына қатысты ақпарат” парақшасындағы “Ақпараттық сервис” бөлімін таңдап, онда көлігінің нөмірін жазады. Сосын өз машинасының бұзған ережелеріне қатысты нақты ақпараттармен таныса алады.